Ішкі істер органдары қызметкерлері есірткі скринингінен өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ішкі істер органдарының қызметкерлері есірткі қолдану мүмкіндігін анықтайтын скрининг тапсырды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына Ішкі істер министрлігі жолдаған жауапта айтылған.
«ҚР Үкіметінің есірткі және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді күрес жоспары шеңберінде ішкі істер органдары қызметкерлері арасында нарко-скрининг (есірткі қолдануды анықтайын тест) жүзеге асырылады. Бұл қызмет ақылы, сондықтан тестілеуден өту-өтпеу әркімнің өз еркінде. Дегенмен әр қызметкер өз жауапкершілігін сезініп, тексеруден өткені абзал», - делінген ресми сауал жауабында.
Сондай-ақ, ақпаратта ІІМ қызметкерлері үшін есірткі қолдануды анықтайтын тестілеуді міндетті медициналық тексеріс қатарына енгізу мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған.
«Бүгінде жеке құрамның 82,5%-ы есірткіге қарсы скринингтен өтті. Оның қорытындысы бойынша полиция, Ұлттық ұлан және қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің 0,2%-нан оң белгі байқалды», - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінен нарко-скринингтен өткен қызметкерлер жайлы ақпарат еш жерде жарияланбайтынын ескертті.