Ішкі туризм: еліміздегі жаңа туристік бағыттар қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде бірнеше туристік бағыт жаңарып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов айтты.
— Қонаев қаласындағы № 6 және № 7 жағажайларды абаттандыру жұмыстарын аяқтап, жазғы маусымда келушілерге ұсынамыз. Одан бөлек, туристерді қызықтыратын Алматы облысындағы жаңа бағыт — Көшпенділер қаласының макетін айтқым келеді. Онда 6,8 шақырым жол салынып, электр желілері тартылып, 100 орындық автотұрақ ашылды. Тағы бір жыл сайын көтерілетін мәселе — Қайыңды көліне апаратын жолдың сапасы. Бұл мәселе де әкімдік тарапынан қолға алынып, 9,9 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді, — деді ол.
Комитет басшысының міндетін атқарушы өңірлердегі туристік маршруттарды дамыту жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өтті.
— Өңірдің туристік бағыттарын дамыту мақсатында өткен жылы Қастек шатқалы мен Шарын ұлттық паркіне дейінгі 1,5 мың шақырым маршрут зерттелді. Бұл аумақтарда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 2GIS, Yandex және Google Maps платформаларына енгізілді, — деді Нұрбол Байжанов.
Оның сөзінше, Жетісу облысындағы Балқаш көлінің жағалауында да жаңа туристік нысандар ашылады.
— Қазір Жетісу облысындағы Балқаш көлінің жағалауында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл тиісті инфрақұрылым тарту және жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, халыққа жаңа жағажай ашылады. Бұдан бөлек, Лепсі станциясындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталып, жаңа маусымда іске қосылады деп күтіп отырмыз, — деді ол.
Сондай-ақ Балқаш курорттық аймағында да ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
— Биыл Балқаш әуежайын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Балқашқа Алматы және Астана қалаларынан туристік маусымда субсидияланатын рейстер қосылады. Сонымен қатар Шұбар түбек пен Тораңғалық елді мекендерінде 4 жағажайды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті келісімшартқа қол қойылды. Жобаның жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асады. Жұмысты 15 маусымға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді Нұрбол Байжанов.
Бұдан бөлек, Бурабай мен Имантау курорттық аймақтарында да инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген.
— Биыл Бурабай кентінің орталық алаңында және Бөлектау бағытына реконструкция жүргізіліп, туристік соқпақтар келушілерге қолжетімді болды. Сонымен қатар Бурабай курортындағы автомобиль кептелісі мәселесін шешу үшін 500 көлікке арналған автотұрақ салу жоспарланған. Ал Имантау курорттық аймағында былтыр 20 шақырым автомобиль жолы салынып, 5 шақырым интернет желісі тартылды. Алдағы уақытта интернет желісін тағы 12 шақырымға ұзартуды жоспарлап отырмыз, — деді комитет өкілі.
Айта кетейік, Қазақстанда туризмге тартылған инвестициялар 1,2 трлн теңгеден асты.