ШҚО-да 40-тан астам мектепте әлі директор жоқ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан мектептеріне директорлар жетіспей жатыр. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде 48 білім ордасында басшы жоқ. Бұл мәселе қай аудандарда өзекті екенін және түйткілдің түйінін тарқату үшін не істеліп жатқанын Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

ШҚО-да 40-тан астам мектепте әлі директор жоқ
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайты

Жауапкершілік жүгі ауыр

Осы ретте педагогтер неге директор болуға ұмтылмайды деген сауал туындайды. Көбі мұны жұмыс мазасыздығымен, жауапкершілік жүгі ауыр екенімен байланыстырды.

Қазір аймақта 41 білім ордасы директорсыз отыр. Биыл 18-31 наурыз аралығында Оқу-ағарту министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес жарияланған конкурс нәтижесінде жеті білім беру ұйымының директоры болуға үміткерлер оң нәтиже алып, бос орындарға ұсынылған. 

– Былтыр облыс көлемінде 62 орта білім беру ұйымы басшысының орны бос деп тіркелді. Жыл аяғында оның саны 50-ге дейін төмендеді. Бірақ кейінірек тағы 16 мектептің директорсыз қалғаны анықталды. Яғни, бос лауазымдарды жабамыз дегенде басқа жерде орындар босап жатқаны тіркелді, - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов. 

Директордың жалақысы қанша?

2009 жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығы аясында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары басшысына қойылатын негізгі міндеттер бекітілген.

Атап айтқанда директор:

* білім беру ұйымы қызметін басқарып, ұйымдастырады;

* мемлекеттік білім стандарттарының орындалуын қамтамасыз етеді;

* оқу-тәрбие процесінің сапасын бақылап, жетілдіреді;

* қаржы-шаруашылық қызметті тиімді жүргізеді;

Бұдан бөлек, оқушылар өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-аналар және қоғаммен байланыс орнатады. Осындай қағидалар негізінде және конкурс қорытындысында бірінші басшы лауазымына бес жылға тағайындалады. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары басшыларында ең алдымен жоғары педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжаттың болуы міндетті. Бұл ғана емес. Тарқатып жазсақ, педагогикалық еңбек өтілі кемі бес жыл, оның ішінде кейінгі екі жыл үздіксіз педагогикалық өтілі, басшының орынбасары лауазымында немесе орта білім беру ұйымының басшысы лауазымында кемінде екі жыл еңбек өтілі болуы тиіс. 

Білім басқармасы басшысының орынбасары Бұлбұл Қозыбаеваның айтуынша, облыс көлемінде орта есеппен алғанда орта білім беру ұйымдары басшыларының айлығы – 176 794 теңге - 214 664 теңге аралығында. Басшының орынбасары бұл жерде басшы, педагог ретіндегі білім санатын, қосымша оқу жүктемесі есепке алынбағанын жеткізді.

ШҚО-да 40-тан астам мектепте әлі директор жоқ
Фото: Kazinform

Ең қарт және ең жас директорлар нешеде?

Облыстағы ең қарт директор Алтай ауданына қарасты Средигорное орта мектебін басқарып отыр. Бүгінде ол – 67 жаста. Ал ең жас директор Зайсан ауданындағы Айнабұлақ орта мектебінде жұмыс істейді. Ол – 32 жаста.

Мектептің басшысыз отыруының әсері қалай екендігіне қатысты өскемендік ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедовтің ойын білдік. Оның айтуынша, ертелі-кеш мектепке директор міндетті түрде тағайындалуы керек. Тек оқу-тәрбие ісі ғана емес, қоғамдық, саяси жұмыстың бәрі соның мойнында.

– Директорлар жан-жақты болуы қажет. Менің ойымша, білім ордаларында ер адамның басшы болғаны дұрыс. Нәзік жандылардың жұмысын төмендетіп отырғаным жоқ, бірақ ер адам тәртіпке берік болады деп ойлаймын. Мектептердің барлығында дерлік солай. Ал әйел адамдарды алсақ, олардың да міндеті оңай емес. Өз баласынан гөрі, өзгенің баласымен көп жұмыс істейді. Директор деген барлығының үйлестірушісі. Ал білім беру саласы әлі де қолдауға мұқтаж, - деді ол.

Облыс бойынша директоры жоқ мектептер Шемонаиха ауданында көп. Ондағы 10 білім ошағына басшы керек. Одан кейінгі орында Самар (6 орын бос), сосын Катонқарағай мен Алтай аудандары (5 орыннан бос) тұр. Сондай-ақ келесі мектептердің директорсыз отырғанына біраз болған:

1. «Путинцево орта мектебі» – Алтай ауданы, Путинцево ауылы;

2. «Маяк орта мектебі» – Алтай ауданы, Маяк ауылы;

3. «Быково негізгі мектебі» – Алтай ауданы, Быково ауылы;

4. «Винное орта мектебі» – Глубокое ауданы, Белосусовка ауылы;

5. «Поперечное ауылының негізгі орта мектебі» – Риддер қаласы, Поперечное ауылы;

6. «И.М.Астафьев атындағы жалпы білім беретін мектебі» – Шемоинха ауданы, Усть-Таловка ауылы;

7. «Убинка жалпы орта білім беретін мектебі» – Шемонаиха ауданы, Новая Убинка ауылы

8. «Пруггерово негізгі орта мектебі» – Шемоинаиха ауданы, Пруггерово ауылы

9. «Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебі» – Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылы

10. «Коробиха орта мектебі» – Катонқарағай ауданы, Коробиха ауылы.

ШҚО-да 40-тан астам мектепте әлі директор жоқ
Фото: iStock

Мәселені шешу үшін...

Зайсан аудандық білім бөлімінің басшысы Меруерт Мұратқызының айтуынша, ол жақта директорлардың орташа жалақысы – 250 мың теңге. Қазір Кеңсай орта мектебінде директор лауазымы бос. Мәселені шешу үшін конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Ал Алтай ауданында жеті мектепте директор жоқ. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Евгения Крафттың сөзінше, директор орынбасарлары мен тәжірибелі педагогтар арасынан әлеуетті үміткерлермен жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Мектептің ұзақ уақыт директорсыз қалуы білім беру ұйымының қызметінде бақылаудың әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

P/s:

Педагогтер басқарушылық қызметке деген ынтасының төмен болуы жалақы мен жүктеменің сәйкеспеуімен байланысты болып отырғанын айтады. Яғни, мұғалімдер басқарушылық жауапкершілік алмай-ақ, өздерінің негізгі жұмысын орындау арқылы директордан көбірек жалақы алады. Дей тұрғанмен «басшысыз ел жетім» деген тәмсілдің негізсіз айтылмағаны сөзсіз.

Еске салсақ, осыған дейін Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның мектеп автобусын жүргізгені белгілі болғаны хабарланған.