Қаражалдағы мектепте көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған жүргізуші оқушыларды тасымалдаған
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның мектеп автобусын басқарғаны белгілі болды.
Тексеріс барысында аталған азаматтың психоневрологиялық ауруға байланысты диспансерлік есепте тұрғаны (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі), бала кезінен мүгедек (қайта куәландырусыз), сондай-ақ есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек екені анықталды. Сонымен қатар заңды күшіне енген сот шешімімен жүргізуші куәлігінен және көлік басқару құқығынан айырылған.
Соған қарамастан, Қаражал қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінде ол жүргізуші қызметіне қабылданып, «ПАЗ-423470» маркалы мектеп автобусымен оқушыларды тасымалдаған. Осылайша ол 129 кәмелетке баланың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген. Сондай-ақ жүргізушінің дыбыстық сигналдарды толық қабылдай алмауы және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігінің болмауы жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырған.
Сонымен қатар жүргізуші мен білім беру ұйымының басшысы арасында жақын туыстық байланыстардың болуына байланысты мүдделер қақтығысының белгілері анықталды.
Прокурорлық тексеріс нәтижесінде аталмыш жүргізуші мектеп автобусын басқарудан шеттетіліп, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда желіден тапсырма алған оқушы қыз мектепке балтамен келгенін жазған едік.