ШҚО-да 9 адам отырған шағын автобус боранда жолда қалған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында полицейлер 9 жолаушыға көмекке келді.
Өскемен-Семей тасжолының 64-шақырымында келе жатқан рейстік «Газель» маркалы шағын автобус жыраға шығып кеткен.
— Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші қауіпсіз жылдамдықты таңдамаған және ауа райы жағдайларын ескермеген. Автобус ішінде 9 жолаушы болған. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шағын автобусты жолға шығаруға көмек көрсетті. Алайда техникалық ақауларға байланысты шағын автобус қозғалысын жалғастыра алмады.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жолаушылармен бірге оқиға орнында қалып, олардың сапарын жалғастыруы үшін жағдай жасалып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы тағы бір жолда көлік қозғалысына тыйым салынғаны хабарланған.