ШҚО-да алимент төлемеген адам алғаш рет түрмеге қамалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында алимент төлемеген адамға бірінші рет бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

к
Коллаж: Kazinform

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 43 жастағы ер адам кәмелетке толмаған баласына алимент төлемегені үшін 9 айға бас бостандығынан айырылды. Оның алимент бойынша қарызы 2 миллион теңгеден асқан.

«Ол өз міндеттерін орындаудан бірнеше рет жалтарып, ескертулерге қарамастан еш әрекет етпеді. Сондықтан сот органдары оған қатаң шара – бас бостандығынан айыру жазасын қолдану туралы шешім қабылдады. Бұл жағдай алимент төлеу бойынша міндеттерін жүйелі түрде орындаудан жалтарып жүрген адамдарға қандай санкциялар қолданылатынын көрсетеді», - делінген ақпаратта.

Заңнамаға сәйкес, алимент төлемеудің салдары айыппұлмен ғана шектелмей, қылмыстық жауапкершілікке, тіпті бас бостандығынан айыру жазасына әкеліп соғады. Шығыс Қазақстанда мұндай жаза бірінші рет қолданылып отыр.

Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері алимент төлемеу фактілері бойынша сотқа 36 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да баласына 3 млн теңге алимент төлемеген ер адамға көлік айдауға тыйым салынғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар