ШҚО-да апатты жағдайда тұрған 2 су қоймасы әлі жөнделмей келеді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Үйдене және Қандысу су қоймалары апатты жағдайда тұрғанына аз болған жоқ. Алайда әлі күнге дейін жөнделмей келеді. Бұған не себеп болып отырғанын Kazinform тілшісі зерделеп көрді.
Құрылысы қыркүйекте басталмақ
Әңгімені Зайсан ауданында орын тепкен Үйдене су қоймасынан басталық. Ол 1966 жылы пайдалануға берілген. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде, нақты айтқанда 2018 жылы ресми түрде апатты жағдайда деп танылған. Су қоймасының қазіргі жағдайы туралы сауалдарымызға Зайсан ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Кәрімов жауап берді.
— Үйдене су қоймасының су бөгеті қанағаттанарлық жағдайда. Тек 310 метрлік су тоннелі мен ашып-жабу гидроқондырғыларының жағдайы сын көтермейді. Құрылыстың тозу деңгейі шамамен 65%-ды құрайды. 2024 жылы су қоймасына қауіпсіздік декларациясы бойынша көпфакторлы тексеру жүргізіліп, нәтижесінде су қоймасының апатты жағдайы нақтыланды, — дейді ол.
Су қоймасының жобалық сыйымдылығы — 75 млн текше метр. Қазіргі таңда Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы қоймаға тек 46,6 млн текше метр су жинауға рұқсат беріпті.
— Бүгінде су қоры — 41 млн текше метрді құрап отыр. Қоймадағы су көлемін шектегенмен сумен қамтылмай отырған суармалы егістік алқаптары жоқ. Үйдене су қоймасы арқылы су тұтынатын Зайсан қаласының округі, Кеңсай және Қарабұлақ ауылдық округтерінің жалпы егістік жерлерінің көлемі 10 250 гектарды құраса, 2026 жылы аталған 3 округтің жалпы егістік көлемі — 4439 гектар болып отыр. Су пайдалану шартына 257 шаруашылық құрылым отырған, — дейді Қайрат Кәрімов.
Оның айтуынша, су қоймасын жаңғыртуға «Қазсушар» РМК өз күшімен 2023 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіп жатыр. Сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталмақ. Су қоймасын реконструкциялауға қажетті қаржы көлемі — 2,3 млрд теңге.
— Қайта жаңғырту жұмыстары басталмаған күннің өзінде 10 250 гектар егістік алқабы толықтай игерілмеген жағдайда алдағы жылдарда егінге су тапшылығы болмайды. Қоймадағы рұқсатты көлем — 46,6 млн текше метр су қазіргі егістік көлеміне жеткілікті. Қазіргі уақытта Үйдене су қоймасының бұзылу немесе бөгеттің жарылу қаупі жоқ. Зайсан қаласы округі, Кеңсай және Қарабұлақ ауылдық округтерінің елді мекендерінде жалпы жиыны — 22 476 адам қоныстанған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында су қоймасына жиналған су жалпы сыйымдылықтың 61,7%-ын құрайды, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Қауіп аймағында 5 ауыл тұр
Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймасының құрылысы 1973-1983 жылдары аралығында жүргізілген. Су қоймасы 2024 жылдан бастап апатты жағдайда тұр.
Сол жылдан бері пайдаланудан шығарылып, онда мүлде су жиналмай келеді. Осының салдарынан маңайдағы шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартып отыр.
— Былтыр да, оның алдыңғы жылы да қуаңшылық болды. Соның кесірінен егін өнімі дұрыс болмады. Қандысу су қоймасы тезірек жөнделмей мәселе шешілмейді, — дейді аудан тұрғыны Серік Бабаханов (аты-жөні өзгертілген).
Белгілі болғандай, соңғы техникалық қорытындыға сәйкес, су қоймасының тозу деңгейі 70% құраған.
— Су қоймасына 2022 жылы тексеру жүргізіліп, 2023 жылы қауіпсіздік декларациясы әзірленді. Өткен жылы «Институт Казгипроводхоз» ЖШС мамандары нысанды қайта тексеріп, «Қандысу су қоймасын қайта жаңғырту» жобасы бойынша техникалық қорытынды дайындады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу қажеттілігі анықталды. 2024 жылдан бастап су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істейді. Яғни, онда су жиналмайды. Ал нысанның жобалық сыйымдылығы — 43,6 млн текше метр, — деп жауап берді Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Баженбаев Kazinform тілшісінің сауалхатына.
Су қоймасына қарасты суармалы жер көлемі 7 мың гектарды құрайды. Алайда бүгінде су қоймасынан шығатын магистральді каналдар арқылы шамамен 700 гектар жер ғана сумен қамтамасыз етіліп отыр.
— Жобаға қатысты мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде. Жоспар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында басталады. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес су қоймасын қайта жаңғыртуға 4,76 млрд теңге қажет, — дейді Нұржан Баженбаев.
Оның айтуынша, су қоймасы транзиттік режимде болуына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұр. Су жиналмағандықтан, апатты жағдайдың туындау қаупі жоқ.
— Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана су жиналады. Қандысу су қоймасының ықтимал қауіп аймағына Бозша, Маңырақ, Жаңалық, Жетіарал және Ақжар ауылдары кіреді. Аталған елді мекендерде жалпы саны 8916 адам тұрады. Су қоймасы аумағында халықты хабардар ету мақсатында хабарландыру жүйесі мен дабыл беру сиренасы орнатылған. Сонымен қатар төтенше жағдай туындағанда әрекет ететін барлық қызметтер мен мекемелердің байланыс деректері енгізілген хабарландыру әзірленген, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде 13 су қоймасын салу жобасы әзірленіп жатқаны хабарланған.