ШҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 50-ге жуық кәсіпкер жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысын негізсіз өсірген 49 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде баға белгілеу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
– Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын шекті сауда үстемеақысы өндіруші бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс. 2026 жылдың басынан бері осы талаптарды бұзу фактілері бойынша 49 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты, – делінген хабарламада.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 тауар кіреді. Олардың қатарында нан, ұн, жарма, сүт өнімдері, жұмыртқа, ет, көкөніс және күнделікті тұтынатын өзге де азық-түлік түрлері бар.
Аталған тауарларға белгіленетін сауда үстемеақысы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында мемлекет тарапынан бақылауда ұсталады.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да әлеуметтік азық-түлік бағасын негізсіз көтерген делдалдар анықталғаны хабарланған.