ШҚО-да азық-түлік бағасын шектен тыс көтерген кәсіпкерлер жазаланды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының дүкендеріне жүргізілген тексеру барысында сауда ережелерінің бұзылғаны анықталды.
Кейбір сауда орындарында тауарлардың бағасы көрсетілмеген. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке рұқсат етілген мөлшерден жоғары баға қойылған.
Тексеруді ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері жүргізді. Олар дүкендерді, базарларды аралап шықты.
Заңбұзушылықтар тіркелген тауарлар қатарында көкөністер, ет және сүт өнімдері бар.
- Тексеру барысында тауар сыртында бағаның жазылмай тұрғандығы, жұмыртқа мен қантты қоса алғанда, жекелеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесінің асырылғаны анықталды. Заң талаптарына сәйкес мұндай тауарларға қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс, - деп хабарлады департаменттен.
Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылыққа жол берген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, осыған дейін Ақмола облысында тексерілген балалар тауарларының 43%-ы талапқа сай еместігі хабарланған.