Ақмола облысында тексерілген балалар тауарларының 43%-ы талапқа сай емес

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2025 жылы жүргізілген тексерістерінің нәтижесін жариялады.

детский сад балабақша игрушки ойыншықтар
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ведомство мәліметінше, зерттелген балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлардың 43%-ы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген. Оның ішінде бұзушылықтардың 23%-ы балалар киіміне тиесілі.

Талапқа сай келмеген өнімдер Түркия, Қытай, Корея, Қырғызстан елдерінде өндірілген, сондай-ақ өндірушісі белгісіз тауарлар да анықталған.

Департамент өкілдерінің айтуынша, негізгі заңбұзушылықтар таңбалауға қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттың болмауы, өндіруші, өндірілген ел және дайындалған күні туралы деректердің көрсетілмеуі тіркелген.

Мамандар балаларға, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилерге арналған тауарларды таңдағанда қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударуға шақырады. Атап айтқанда, өткір қырлардың, ақаулар мен зақымдардың болмауы, материал сапасы (жаңа туған нәрестелер үшін табиғи маталар), конструкция қауіпсіздігі (арбаларда қауіпсіздік белдіктерінің болуы, қауіпті саңылаулар мен бөлшектердің болмауы), сондай-ақ толық әрі оқылатын таңбалаудың болуы маңызды.

Таңбалауда өнімнің шыққан елі, өндіруші немесе импорттаушы туралы мәлімет, атауы, дайындалған күні және нарықта айналымға жіберілгенін растайтын бірыңғай белгі көрсетілуі тиіс. Кейбір тауарлар үшін пайдалану және күтім жасау жөніндегі нұсқаулықтың болуы міндетті.

Департамент ата-аналарды балаларға арналған өнімдерді сатып алу кезінде мұқият болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, сапалы әрі қауіпсіз тауарды таңдау – баланың денсаулығын сақтауға қосылған үлес.

Айта кетейік, балалардың ұялы телефондарының SIM-карталарын тіркеу тетігі енгізіледі.