ШҚО-да басқарма аурухана ішінің суықтығына қатысты тараған видеоға түсініктеме берді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы аурухана ішінің суықтығына қатысты тараған видеоға Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде және БАҚ-та тараған видео авторы Шемонаиха ауданындағы ауруханаға екі айлық сәбиімен түскенін айтқан. Өз сөзінде ол аурухана ішінің мүшкіл жағдайын, қабығаларының опырылып тұрғанын, әжетханасының суықтығын жеткізді.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына хабарласты.
- Бұл видео жылыту маусымы басталмай тұрып түсірілген. Ал қазіргі уақытта Шемонаиха аудандық ауруханасы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Мекемеге жылу тұрақты және үздіксіз беріліп отыр. Палаталардағы температура санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Нақты айтқанда, көрсеткіш +20-21°C деңгейінде. Бұл мәліметтер күнделікті мониторинг нәтижесімен расталады, - деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар өткен жылы аурухананың балалар бөліміне ағымдағы жөндеу жүргізілгендігі айтылды. Дегенмен, ғимараттың өзі 1970-жылдары салынғандықтан күрделі жөндеуді қажет етеді.
- Осыған байланысты ауданның денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілмек. 2026 жылы жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратын қайта жаңарту және жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Аудандық аурухананың негізгі корпусын реконструкциялау жобасы қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен келісу кезеңінде, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде ЖРВИ жұқтырғандар көбейіп, ауруханаларда шектеу шаралары енгізілгені хабарланған.