ШҚО-да биыл абаттандыру қағидалары 5 мыңнан астам рет бұзылған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, оның ішінде 4332 дерек аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, 832 жағдай ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі бойынша тіркелген.
- Өңірде елді мекендердің тазалығын сақтауға, заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуының алдын алуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облыста жыл басынан бері 120-дан астам заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 87-сі толықтай жойылды. Профилактикалық жұмыстарда бейнебақылау жүйелері де кеңінен қолданылып келеді. Соның көмегімен биыл 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - делінген ақпаратта.
Оның ішінде 1878 дерек абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 137 жағдай ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты болып отыр.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарды абаттандыру қағидаларын сақтауға және қоқысты белгіленбеген жерлерге тастамауға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін Қостанайда заңсыз қоқыс төккен жүргізушінің айыппұлы сот арқылы 34 есеге өскені хабарланған.