ШҚО-да далаға қоқыс тастағаны үшін 4 мыңға жуық адам жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері далаға қоқыс тастауға қатысты 3855 заңбұзушылық тіркелген.

ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2450 адам ӘҚБтК-нің 505-бабы (Абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша, ал 1405 адам 434-бабымен (Қоғамдық орындарды ластағаны үшін) әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Осы жылдың 13 наурызынан бастап рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Енді қоқысты белгіленбеген орындарға тастаған жеке тұлғаларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 393 200 теңге, — деп хабарлады облыстық Табиғат қорғау прокуратурасынан.
Кәсіпкерлер үшін жаза одан да қатаң. Нақты айтқанда:
— шағын бизнес субъектілері мен лауазымды тұлғаларға — 200 АЕК (786 400 теңге);
— орта бизнеске — 500 АЕК (1 966 000 теңге);
ірі кәсіпорындарға — 1 000 АЕК (3 932 000 теңге).
— Біз заңбұзушылықтарды жүйелі түрде бақылап отырамыз. Қоқыс ормандарда, қала шетінде, жол бойында жиі төгіліп жатады. Заңға сәйкес, қоқыс төгілген кез келген рұқсат етілмеген жер — «стихиялық қоқыс алаңы» болып есептеледі, — делінген ақпаратта.
Өңірде тазалықты бақылау күшейтілгенімен, мамандар бұл мәселені шешу үшін тұрғындардың экологиялық санасы мен жауапкершілігі аса маңызды екенін айтты.
Еске салсақ, осыған дейін ауыл мектебінің оқушылары қоршаған ортаны тазартуға арналған робот құрастырғаны хабарланған.