ШҚО-да Экология департаментінің екі басшысы парамен ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Экология департаментінің басшылығы сотталып жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

ШҚО-да Экология департаментінің екі басшысы парамен ұсталды
Фото: pexels.com

- Биыл 10 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының соты облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Р. Тұраровқа қатысты үкім шығарды. Ол экологиялық рұқсатсыз алтын өндіретін зауыт салу фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті кәсіпкерден 30 000 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Р.Тұраров мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығы шектеліп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

- Алдын алу шаралары аясында үкімді жариялау ашық режимде облыстық Экология департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өтті, - дейді ол.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Одан бөлек, Антикор өкілі Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық Экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушыға қатысты тергеудің аяқталғанын айтты.

- Шенеунік бұрын келісілген 130 млн теңгенің 8,5 млн теңгесі сомасында коммерциялық ұйым директорының орынбасарынан кәсіпорынды эмиссия төлемей автожол төсемін қайта жаңарту фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін пара алды деген күдікке ілінді, - дейді ол.

Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Антикор жемқорларды елден шығуға тыйым салу жағын қарастырып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар