Жемқорларды елден шығуға тыйым салу жағын қарастырып жатырмыз — Антикор
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда парамен ұсталғандарды, яғни жемқорларды елден шығуға тыйым салу жағы қарастырылып жатыр.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.
— Айта кетейін, бұл бірінші рет көтеріліп жатқан сұрақ емес, бұл бізде баяғыдан бері талқылануда. Бұл бастама бұрыннан бері қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тиісті ұсыныстар бар, — деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Агенттік өкілінің мәлімдеуінше, парамен ұсталғандарды елден шығармау мәселесі басқа да құзырлы органдармен бірлесе қаралуда.
— Талқылау нәтижесі көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмысты біз ғана қабылдай алмаймыз, бұл бүкіл мемлекеттік орган, аппарат қабылдауы тиіс. Депутаттар қолдаса, әрине, енгізілуі мүмкін, — деп толықтырды ол.
Сондай-ақ Антикор өкілі жемқорларды елден шығуға тыйым салу тәжірибесі шет мемлекеттерде бар екенін айтты.
Айта кетсек, Әділет министрлігі таяуда заң жобасына жемқорларды шетелге шығармау туралы норманы енгізу мәселесі қаралуы мүмкін екендігін айтқан еді.
Одан бөлек елімізде сыбайлас жемқорлардың жария тізілімі енгізілетіні айтылды.