Таяуда жемқорларды шетелге шығармау нормасы талқылануы мүмкін - Ботагөз Жақселекова

АСТАНА. KAZINFORM — Таяуда заң жобасына жемқорларды шетелге шығармау туралы норманы енгізу мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы мүмкіндігі бар ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мәлім етті.

Ботагөз Жақселекова
Фото: gov.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер Әділет министрлігі жемқорларды шетелге шығармау туралы нормаға не себепті қарсы шыққанын сұрады.

Өз кезегінде Б. Жақселекова 15 қаңтарда Мәжілісте жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы талқыланған заң жобасы бойынша аталған түзету жұмыс тобының қарауына ресми түрде енгізілмегенін айтты.

- Кеше бұл жайында айтылған еді, яғни бізде оны талқылауға уақыт бар. Заң жобасын екінші оқылымға даярлау кезінде бірнеше рет жұмыс тобының отырысы өтеді. Егер депутаттар осы бастаманы көтерсе, біз оны қарастырамыз, - деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, жақында Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды

Осы құжатты талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде халықтың қаржысын жымқырғандарды шетелге шығармауды ұсынды.

Оның айтуынша, Әділет министрлігі жемқорларды шетелге шығармау туралы нормаға қарсы шыққан.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым аталған норманы енгізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар