Заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстарына жауапкершілігі күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

- Заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілігін күшейту ескерілген. Бұл бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясынан туындайды. Конвенция егер елде заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін әкімшілік жауапкершілігі белгіленген болса да, оның қылмыстық санкцияларға пропорционалды болуын міндеттейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша заңды тұлғалардың шенеуніктерге сыйақы бергені үшін 750 АЕК сомасында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілігі қолданылады. Халықаралық стандарттарды ескере отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің осы бабының Қылмыстық кодекстің 367-бабына (пара беру) ұқсас еселенген айыппұл түріндегі санкцияларды көздейтін жаңа редакциясы әзірленді, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Оның айтуынша, айыппұл сыйақы мөлшеріне байланысты заңды тұлғаның атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақының 30-дан 60 еселенгенге дейінгі сомасын құрайды.
- Сондай-ақ заң жобаларына құқық қолдану практикасының қорытындылары бойынша түзетулер енгізілді. Мәселен, арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлерiнің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу ескерілген. Қазіргі кезде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 32-бабына сәйкес, әскери қызметшілерді қоспағанда, күш органдарының қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жасаса тек тәртіптік жауаптылыққа тартылады. Мұнымен қоса, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту ұсынылған, - деді агенттік өкілі.
Сонымен қатар, заң жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдардың қызметте одан әрі жоғарылауын шектеу қарастырылған.
Айта кетейік, бұл заң жобасы аясында ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандардың жария тізілімі енгізіледі.
Бұдан бөлек, жемқорлық тәуекелдерін жоймаған басшыларға жаза қолданылады.
Заң жобалары бойынша заңсыз сыйақыны қорқытып алу деректері қатаң бақылауға алынады.
Қылмыстық кодекске пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер ұсынылды.
Жемқорлықпен күрес жөніндегі заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықтырылып жатыр.