Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімі енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандардың жария тізілімі енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлім етті.

- Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу ескерілген. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғам арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Мәліметтер тек заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде қосылады, - деді Ұ. Сарқұлов.
Оның айтуынша, тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім агенттіктің сайтына орналастырылады. Тізілімді жүргізуді агенттікке бекіту көзделіп отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Антикор Қазақстанның туризм саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексереді.