Заңсыз сыйақыны қорқытып алу деректері қатаң бақылауға алынады
АСТАНА. KAZINFORM – Халыққа қызмет көрсету орталықтары, ауруханалар қызметкерлерінің сыйақыларды бопсалау деректері жиі кездеседі.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлім етті.
- Мемлекеттік орган, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақыны қорқытып алуына байланысты қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмысты жетілдіру қарастырылды. Түзетулер 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Тәжірибеге сүйенсек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, ауруханалардың, жоғары оқу орындарының, банк қызметкерлерінің сыйақыларды бопсалау деректері жиі кездеседі, - деді Ұ.Сарқұлов.
Оның айтуынша, 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау шалу дерегі тіркелді. Оның ішінде 2 мыңға жуық қоңырау eGov мәселелері бойынша және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне шағымдарға қатысты. 1,5 мың өтініш медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша, 940 қоңырау білім беру саласындағы шағымдар. Аталған ұйымдардың қызметкерлерінің заңсыз сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауаптылығы Қылмыстық кодекстің қолданыстағы 247-бабы бойынша туындайды.
- Олар шенеуніктер болмаса да, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық қылмыстарының субъектілері емес, бірақ соған қарамастан, қоғам алдында бұл ел көлеміндегі сыбайлас жемқорлық ретінде қабылданады. Бүгінгі күні Қылмыстық кодекстің 247-бабында көзделген қылмыс ішкі істер органдарының айрықша тергеулігі саналады. Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша істі тиімді тергеп-тексеру үшін «пара алу» бойынша жедел-іздестіру қызметінің барлық арсеналы қолданылуы тиіс. Басқаша оларды анықтау қиын, сондықтан халықта жазасыз қалу туралы пікір қалыптасады, - деді агенттік өкілі.
Осы орайда заң жобасында сыйақыныны қорқытып алу белгілері болған кезде арнайы жедел іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізу көзделген.
- Сондай-ақ, Қылмыстық кодекс сыйақыны заңсыз бергені үшін жауапкершілікті көздейтін жаңа 247-1-баппен толықтырылып отыр. Бұл парақорлыққа ұқсас, тек алушыларды ғана емес, сыйақыны берушілерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Қылмыстық кодекстің 247-бабы үшінші бөлігі (ірі мөлшерде немесе бопсалаумен сыйақы алу) және 247-1-бабының үшінші бөлігі бойынша (ірі мөлшерде сыйақыны беру) Ішкі істер министрлігімен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін баламалы тергеулік енгізіледі, - деді Ұлан Сарқұлов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бұл заң жобасы аясында ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандардың жария тізілімі енгізіледі.