Жемқорларды шетелге шығармау туралы норманы енгізу мүмкіндігі бар — Айдос Сарым

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жазасын өтеп шыққан жемқорлардың өзіне шетелге шығуға тыйым салу ұсынысына пікір айтты.

Айдос Сарым
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Бұл пікір көптен бері айтылып жүр. Негізі, оны қарауға болады. Бізде Конституциялық сот жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл норма енгізілсе, «азаматтардың құқығы тапталды» деген әңгімеден ғана қорқып отырмыз. Осыған дейін осы ұсынысты бірнеше рет талқыладық. Менің ойымша, бейресми түрде Конституциялық сот, Жоғарғы сот және сарапшылармен тағы бір ақылдасып көреміз. Осы орайда заңға қайшы келмеуі мәселесі қаралады, — деді А. Сарым Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Осы орайда депутат қазір салық немесе айыппұлды төлемегендерге шетелге шығуына шектеу бар екенін еске салды. 

— Осы норманы да солардың қатарына жатқызса, өтіп кетуі мүмкін, — деп түсіндірді Айдос Сарым.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде халықтың қаржысын жымқырғандарды шетелге шығармауды ұсынды. 

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды

Соңғы жаңалықтар