Азат Перуашев: Әділет министрлігі жемқорларды шетелге шығармау туралы нормаға қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде халықтың қаржысын жымқырғандарды шетелге шығармауды ұсынды.

Азат Перуашев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Капиталды қайтару жұмыстарының тәжірибесі көрсетті, шетелге шығуға тыйым салу жемқорлыққа тосқауыл болатын бірден-бір тәсіл бола алар еді. Себебі ірі сыбайлас жемқорлар ақшаны конвертпен алмайды. Әрине, олар оффшорлық аймақтарға шығарылады. Осылай жылыстатылған ақшаның ізін ашу оңай емес. Біздің мемлекеттік органдар, тіпті Қаржылық мониторинг агенттігінің оффшорда жемқорлардың қанша ақшасы бар екенін білмейді. Сондықтан бұл жолдастар тіпті ұсталатынын біле тұрып тәуекелге барады. Бірақ белгілі бір мерзімге сотталады да, біраздан кейін шартты түрде босатылады не жазасы айыппұлға ауыстырылады. Осыдан кейін миллиардтаған ақшасымен табысады, - деді ол.

Депутат бұл мәселені «Ақжол» фракциясы 2017 жылдан бері көтеріп келе жатқанын еске салды.

- Заң аясында тіпті жазасын өтеп шыққан сыбайлас жемқорлардың өзіне шетелге шығуға тыйым салу керектігін бірнеше рет ұсындық. Сонда ғана олар оффшорлық аймақтарда халықтан ұрланған миллиардтаған ақшасын алаңсыз пайдалана алмайды. Егер олар осында тұруға мәжбүр болса, бұл ақшаны елге қайтаруға мәжбүр болады. Өкінішке қарай, 2017 жылдан бері мемлекеттік органдар бұл түзетуді әлі күнге дейін қолдамады. Тіпті ол ұсынысымызға қылмыстық іс жүргізу кодексі туралы басқа заң жобасы аясында Үкіметтің оң қорытындысы алынды. Бірақ Әділет министрлігі ұсынысты қолдаған басқа мемлекеттік органдарға қарсы шығып, жұмыс тобы кеше бұл норманы қабылдауды кейінге қалдырды, - деді Азат Перуашев.

Ұлан Сарқұлов ұсынысты депутаттармен бірге жұмыс тобында талқылауға дайын екенін айтқан. Бірақ депутат А.Перуашев агенттік өкілінен аталған ұсынысқа қатысты жеке пікірін айтуды сұрады.

- Сіз тәжірибелі депутатсыз. Ондай шешімді менің жалғыз өзім қабылдай алмайтынын білесіз. Сондықтан бірге талқылайық деп отырмын, - деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасы талқыланып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар