ШҚО-да халықаралық «Әлем Барысы» турниріне іріктеу басталды

Бесқарағай ауданындағы орталық стадионға еліміздің 14 облысынан 40 палуан жиналды. Олардың қатарында ең үздік «Қазақстан Барысы» атағының иегерлері Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Бейбіт Ыстыбаев және тағы басқалары бар.
Чемпионаттың ашылу салтанаты «Батаменен ел көгерер» атты театрландырылған қойылыммен басталып, үш бөлімнен: «ЭКСПО-2017», «Спорт», және «Бір шаңырақ астында» тұратын жастардың флешмобымен жалғасын тапты. Бүгін қазақ күресі бойынша негізгі жарыстар өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Туған жер» бағдарламасының бағыттарын жүзеге асыру аясында аудан меценаттары, спорт қайраткерлері мен ардагерлері аталған шараны өткізу бастамасын қолға алды. Осылайша олар таланттар мен болашақ спорт чемпиондарын анықтауға үлес қосуда. Бұл сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен Отанға деген қолдау болып табылады.
«Ұлттық спорттың ерекше түрі - «қазақ күресін» өткізудің өзі Президент мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастыруда маңызды рольге ие», дейді өңірдің ақпараттық орталығы.