ШҚО-да инвесторға жер заңсыз берілмей келген — прокуратура

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы жер ала алмай келген инвестордың құқығын қорғады.

жер
Фото: Pexels

Өңірде марал, ірі және ұсақ мал өсіру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «ALMAS UK» ЖШС-ға Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті жер телімдерін беруден бас тартқан. Осылайша, жер заңнамасының нормалары бұзылған.

— Инвестор жер учаскесін жалға беруді сұраған. Алайда комитет өтінішті «жерді меншікке алу» деп қате қарап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді беруден бас тартты. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша кәсіпкердің құқығы қалпына келтіріліп, инвесторға 3,2 мың гектар жер учаскелері жалға берілді, — деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Бұл оған облысқа 500 млн теңгеден астам инвестиция салып, 30-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық заңнаманы бұзған қытайлық компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар