Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ШҚО-да қаруға қатысты заң талаптарын бұзған 50-ге жуық адам жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қаруды сақтауға және тіркеуге қатысты заң талаптарын бұзған 45 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ШҚО-да қаруға қатысты заң талаптарын бұзған 50-ге жуық адам жауапқа тартылды
Фото: ШҚО полиция департаменті

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қару айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд жүргізді. 

— Соның барысында заңсыз айналымнан 12 қару, оның ішінде тегіс ұңғылы мылтықтардан бастап электрошокты құрылғыларға дейін тәркіленді. Мобильді топтар азаматтық қарудың 8 мыңнан астам иесін тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп шықты. Сондай-ақ Өскемен қаласында криминалдық есепте «ұрланған» ретінде тіркелген бір травматикалық қару анықталды, — делінген ақпаратта.

Тексеру нәтижесінде жалпы саны 45 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның 25-і қаруды сақтау қағидаларын бұзуға қатысты болса, қалған 20 адам оны тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін жауапқа тартылды. 

Сондай-ақ қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін тоғызы азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында заңсыз қару сақтаған екі бақташыға айыппұл салынғаны хабарланған.