ШҚО-да қайтыс болған екі донор 12 қазақстандықтың өмірін сақтап қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында биыл қайтыс болған екі донорға мультиоргандық трансплантация жасалды.
Туыстарының келісімінің арқасында өңірдің екі тұрғыны бірден 12 пациентке, соның ішінде балаларға да өмір сыйлады.
Қазір Қазақстанда трансплантация кезегін күтіп тұрғандар тізімінде 4,5 мыңнан астам адам бар. Ал Шығыс Қазақстан бойынша 232 пациент, оның ішінде 7 бала ағзасын алмастыруды күтіп отыр. Дегенмен донорлыққа келісім алу қиындап барады. Өңірде 6 мыңнан астам тұрғын ресми түрде бас тартқан, ал келісімін білдіргендер саны бар-жоғы — 360 адам.
— Биыл 5 потенциалды донор анықталды, олардың тек екеуінің туыстары ғана келісім берді. Соның арқасында 12 қазақстандықтың өмірі сақталды, - деді ШҚО өңірлік транспланткоординатор Аслан Нұрғалиев.
Ол елімізде жеке мүддені болдырмайтын көпсатылы қорғаныс жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті.
— Реципиенттер туралы ақпарат құпия сақталады. Пациенттерді іріктеуді компьютер жүргізеді, үйлесімділікті де сол тексереді, - деп түсіндірді А.Нұрғалиев.
Потенциалды донорлар туралы ақпарат тек «ми өлімі» диагнозы расталғаннан кейін жарияланады. Бұл — ми мен оның барлық құрылымының қызметінің толық әрі қайтымсыз тоқтауы.
— «Ми өлімі» диагнозын дәрігерлер консилиумы қояды. Сол сәттен кейін адам ағзасы біраз уақыт аппараттық қолдауда болады. Дәл осы кезеңде органдарды трансплантациялауға мүмкіндік туады, - деді маман.
Трансплантацияның ең күрделі тұсы — отбасының келісімі. Қиын сәтте шешімді туыстары қабылдайды. Алайда әр азамат өз еркін алдын ала eGov.kz порталында бекітіп алады.
— Егер адам тірі кезінде өз ұстанымын көрсеткен болса, туыстардан қосымша рұқсат алынбайды. Дәрігерлер марқұмның еркіне сәйкес әрекет етеді, - деді транспланткоординатор.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда бір донор 4 адамның өмірін сақтап қалғаны хабарланған.