ШҚО-да құтқарушылар пеш жағып отырған 59 мыңнан астам үйді тексерді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пеш жағып отырған 59 мыңнан астам үйді тексерді.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымы басталғалы бері пеш жағып отырған үйлерге бақылау күшейтілген.
Уақытылы жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 17 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, оның 2489-ы ТЖД қызметкерлерінің ұсынымы бойынша сол жерде жойылды.
- Рейдтер барысында әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үйлерге ТЖД қызметкерлері улы газды анықтайтын 489 датчик орнатты. Осы жылыту маусымында мұндай датчик тұрғын үйге тараған қауіпті газ туралы дер кезінде дабыл беріп, егде жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды, - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Көбінесе тұрғын үйлердегі заңбұзушылықтар пештер мен электр құралдарын дұрыс пайдаланбауға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, түтін мұржалары уақытылы тазаланбайды, жарығы бар пештер жөнделмейді, өрт қаупі жоғары тоқтар қолданылады және бір тоққа бірнеше электр құралы қосылып, желіге артық жүктеме түсіріледі.
Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да өрт болған жерден екі адамның денесі табылғаны хабарланған.