ШҚО-да маусым айында аптап ыстық болып, кейде нөсер жаңбыр жауады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жаздың алғашқы айы құбылмалы болғалы тұр. Кей күндері ауа температурасы 40 градусқа дейін ысып кетсе, енді бірде нөсер жаңбыр жауып, найзағай соғып, күн салқындайды.

аптап ыстық, жауын-шашын
Фото: ТЖМ

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, маусым айында өңірдегі ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады. Орташа айлық температура көпжылдық көрсеткіштен 1-2 градусқа артуы ықтимал.

Айдың ең ыстық кезеңі алғашқы онкүндікке сәйкес келмек. Осы уақытта кей жерлерде ауа температурасы +33…+39 градусқа дейін көтеріледі. Алайда мамандар аптап ыстық ұзаққа созылмайды деп болжап отыр.

— Ай бойы өңір аумағы арқылы атмосфералық фронттар мен циклондар өтеді. Соның әсерінен қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, екпінді жел және кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін, — делінген ақпаратта.

Одан соң температура біршама қалыпты деңгейге түседі. Маусымның бірінші жартысында түнгі ауа температурасы +13…+20 градус, күндіз +25…+33 градус шамасында болады.

Екінші және үшінші онкүндіктерде де ауа райы тұрақсыз болады. Түнгі температура +8…+25 градус аралығында құбылса, күндіз +28…+39 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар ыстық күндер мезгіл-мезгіл жаңбыр мен найзағайға ұласып отырмақ.

Мамандар тұрғындарға сапарға шығар алдында және табиғат аясындағы демалысты жоспарлаған кезде ауа райы болжамын мұқият қадағалауға кеңес береді. Себебі өңірдегі метеорологиялық жағдай қысқа уақыт ішінде талай өзгеруі мүмкін.

Еске салсақ, осыған дейін Мәскеуде ауа температурасы рекордтық деңгейге жеткені хабарланған.