ШҚО-да пеш жағып отырған 11 мыңнан астам үйде қауіпсіздік ережелері сақталмаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар жер үйлерді аралап, тексеру жүргізіп жатыр. Соның барысында пеш жағып отырған 11 мыңнан астам үйде қауіпсіздік ережелері сақталмағаны анықталды.

Жылыту маусымы басталғалы елімізде 913 өрт тіркелген
Фото: ҚР ТЖМ

Қыс кезінде жер үйлердегі өрт саны арта түседі. Бұған бірнеше фактор себеп. Атап айтқанда, пешті дұрыс пайдаланбау және ондағы ақаулар, электр құрылғыларына жүктеменің көбеюі, отты абайсыз қолдану. Қауіп-қатерді азайту үшін ШҚО ТЖД қызметкерлері, полицейлер мен еріктілер тұрақты түрде рейдтерге шығуда. Үй иелеріне өрт қауіпсіздігінің ережелері жіті түсіндіріліп жатыр.

«Ең әуелі пештегі жарықтардың қаншалықты қауіпті екенін жеткіземіз. Жауапкершілігі жоғары азаматтар жазда пешін, түтін мұржасын сылап, әктеп, күйеден тазартады. Сайып келгенде бұл өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін жасалады», – деді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Құтқарушылар пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан адам өміріне қауіп төнетіндігін қатаң ескертті. Өрт қана емес көзге көрінбейтін газ да аса қатерлі. Уланудың алғашқы белгісі – адамның басы қатты ауырып, тұншыға бастайды. 

Жылыту маусымы басталғалы бері ТЖД қызметкерлері 90 000-нан астам үйді аралап шықты. Әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлеріне улы газды анықтайтын 550 датчик орнатылды. 

Рейдтер барысында 26 000-нан астам бұзушылық анықталса, оның 11 000-ы пешті дұрыс пайдаланбауға қатысты болып отыр. Департамент мамандарының уақтылы жүргізген профилактикалық шараларының арқасында тұрғындар 22 000-нан астам бұзушылықты жойды.

Еске салсақ, осыған дейін жылыту маусымы басталғалы елімізде 913 өрт тіркелгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар