ШҚО-да полицейлер заңсыз қару-жарақ арсеналын анықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісін анықтады. 

ШҚО-да полицейлер заңсыз қару-жарақ арсеналын анықтады 
Фото: Маңғыстау облыстық Полиция департаменті

Ауылдық жерде тұратын 52 жастағы тұрғынның үйін тексеру кезінде полицейлер қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тәркіледі. Олардың қатарында тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтан жасалған бір ұңғылы кесінді, сигналдық револьвер және 50-ге жуық патрон бар.

Ер адам қару мен оқ-дәрілердің қайтыс болған ағасынан қалғанын айтқан.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау және алып жүру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Айта кетелік Ұлытау облысында 38 келі марихуана мен қару-жарақ табылған еді