ШҚО полициясы дауысы бар дрондарды іске қосты: олар не үшін қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіндегі бөлімшелерде дауыс күшейткіші бар 10 жаңа дрон пайдалануға берілді.
Алғашқы профилактикалық ұшулар базарлар, сауда орындары және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің аумақтарында жүзеге асырылды.
Әуеден ұшқышсыз аппараттар дыбыстық үндеулер таратып, азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке мүліктің қауіпсіздігіне мұқият болу және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігін еске салды.
Сонымен қатар бұл жаңа құрылғылардың мүмкіндіктері бұдан да кең. Дауыс күшейткіші бар дрондар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аулаішілік аумақтар мен адам көп жиналатын орындарды патрульдеу, профилактикалық іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ іздестіру жұмыстары мен жедел жағдайды әуеден бақылау үшін қолданылады.
— Ұшқышсыз технологияларды пайдалану ауқымды аумақтарды жедел шолуға, азаматтарға қауіпсіздік шараларын уақтылы жеткізуге және полиция нарядтарының жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады полиция.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жоғалған адамдарды іздеуге дрондар қолданылып жатқанын хабарлағанбыз.