ШҚО-да салық төлемегендерді анықтау үшін 110-нан астам рейд жүргізілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында салық төлеуге қатысты бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері Мемлекеттік кірістер департаменті 110-нан астам рейд жүргізіп, тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтаған.

ШҚО-да салық төлемегендерді анықтау үшін 110-нан астам рейд жүргізілді
Фото: Pixabay.com

Департамент басшысының орынбасары Қабыш Сайранханның айтуынша, тексеріс барысында бірқатар кәсіпкердің тіркеусіз жұмыс істеп келгені, демалыс аймақтарында тұрғын үйді салық төлемей жалға бергені және кіріс есебін жүргізбегені белгілі болды.

— Біз профилактикалық жұмыстарды және цифрлық мониторингті күшейттік. Осылайша, қаржы айналымын бақылау және табысын жасырып жүргендерді анықтау жолға қойылды. Бұл бизнес ашықтығын арттырып, салық төлеушілердің тәртібін жақсартуға ықпал етті, — деді Қабыш Сайранхан.

Биыл өңірде 108 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Тексеру нәтижесінде кейбір салық төлеушілер өз еркімен берешегін жапқан, қалғандары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Облыс бюджетіне түсетін салық көлемі екі есе артып отыр. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы түсім 336,3 млрд теңгені құрады. Оның 170,3 млрд теңгесі жергілікті бюджетке, 166 млрд теңгесі республикалық бюджетке түскен. Республикалық бюджетке түсім өткен жылмен салыстырғанда алты есеге көбейген, — дейді Қ.Сайранхан.

Еске салсақ, осыған дейін 2026 жылдан бастап салық төлеушілерге кепілсіз төлем мерзімін шегеру жеңілдігі берілетіндігі хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар