ШҚО-да шағын кемелерді пайдалану талаптарын бұзудың 10 дерегі анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар 1 шілдеден бастап су айдындарында шағын кемелерді пайдалану қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында рейдтер жүргізіп жатыр.
Құтқарушылар кеме жүргізушілерінің құжаттарын, жүзу құралдарының техникалық жай-күйін, жолаушылардың құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілуін және жүзу қағидаларының сақталуын тексеруге кірісті.
Сонымен қатар кеме иелері мен демалушылар арасында профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Шомылу маусымы басталғалы өңір бойынша шағын кемелерді пайдалану талаптарын бұзудың 10 дерегі анықталды. Құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде кемені тіркеу, техникалық куәландырудан өту және құтқару жабдықтарының болуы міндетті.
Сондай-ақ кеме жүргізушілері арнайы курстардан өтіп, басқару құқығына куәлік алуы қажет.
Еске салсақ, осыған дейін шағын көлемді кемелерді бақылау ТЖМ құзырына өткені хабарланған.