ШҚО-да тасқынға қарсы сақтық шаралары күшейтіліп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аймаққа еріген қар суы әлі де қауіп төндіріп тұр. Риддер қаласында табиғи апаттың алдын алу үшін 100-ден астам маман мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Бақылау бекеттері шаһар ішімен өтетін Үлбі өзеніндегі су деңгейін тәулік бойы бақылап отыр. Өйткені, тау суымен толығып тұратын өзен кез келген сәтте арнасынан асып кетуі мүмкін. Үлбінің бұл жердегі ағыны қатты. Таулар мен сай-саладан келетін судың барлығы осында құйылады. Сондықтан көктемде су ағысы күшейеді.
Мамандар қыстан бастап өзен түбін қазып тереңдету жұмыстарын жүргізген. Алайда, гүрілдеп аққан Үлбі қауіп төндіріп тұр. Гидролог Александр Мокиннің 25 жылдық тәжірибесі бар. Көреген маманның айтуынша, Үлбі қазір қалыпты жағдайда тұрса да, әп-сәтте өзгере салуы мүмкін.
«Біраз күн бұрын жауын-шашын көп түсті. Өзен суының артуына ол да ықпал етті, әдетте осы уақытта секундына 56-58 текше метр су ағатын болса, қазір бұл көрсеткіш 92-94 текше метрге жетіп отыр», дейді гидролог Александр Мокин.
Бұл жақта климат тым қатал. Көктем шыға 2 рет сең жүріп, судың ағысын бөгеп, құтқарушыларды бірталай әбігерге салған. Қазір қар көшкіні де аз қатер төндіріп тұрған жоқ. Таулы аймақта орналасқандықтан, қар көшкіні де тасқын қаупін күшейтіп тұр. Көшкін салдарынан бүкіл Риддер қаласы бір сәтте ауызсусыз қалуы мүмкін. Өйткені, ауызсу бұл жерге осыдан 80 шақырым жерден орналасқан су қоймасынан келеді. Егер көшкін жүріп, су тасыса, сол ауызсу желісі бірден істен шығады. Сондықтан Риддер қаласының коммуналдық саласы үшін тасқынның алдын алу шарасын сапалы жүргізудің маңызы зор. Қала ішіндегі арықтар да арнасынан асып жатыр. Қазір 5 үйдің ауласына су жайылған.
Мамандардың айтуынша, Риддерде жерасты суы да тез шығады, сондықтан ол да жұмысты ауырлатады. Дегенмен, құтқарушылар апатты жағдайға сақадай сай отырғандарын айтады Риддердегі мобильдік топ пен мамандар үшін жұмыс әлі жетерлік. Олардың айтуынша өлкеде тасқын қаупі мамыр-маусым айларына дейін сейілмейді.