ШҚО-да велосипед ұрлығына мүлік иелерінің салғырттығы себеп болып отыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері ұрланған 30-ға жуық велосипед иелеріне қайтарылды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша биыл велосипед ұрлаудың 38 дерегі тіркелді. Тәртіп сақшылары олардың 27-сін иелеріне қайтарып, 20 күдіктіні ұстады. Бұған тұрғындардың дер кезінде арыздануы және полицейлердің ұрланған мүліктің орналасқан жері мен қылмысқа қатысы бар адамдарды жедел анықтауы ықпал еткен.
— Сонымен қатар жүргізілген талдау мұндай қылмыстардың басым бөлігі велосипед иелерінің салғырттығынан болатынын көрсетіп отыр. Көп жағдайда велосипедтер аулаларда, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде, дүкендердің маңында және өзге де қоғамдық орындарда қараусыз қалдырылады. Осыған байланысты тұрғындарды велосипедтерді қауіпсіз жерде сақтауға және оларды қысқа уақытқа болса да қараусыз қалдырмауға шақырамыз, — делінген ақпаратта.
Егер велосипед ұрлығының куәсі болсаңыз немесе күмәнді адамдарды байқасаңыз, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. Полицейлердің айтуынша, дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылып, ұрланған мүліктің иесіне қайтарылу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қаруға қатысты заң талаптарын бұзған 50-ге жуық адам жауапқа тартылғаны хабарланған.
Сондай-ақ елімізде жыл басынан маусым айына дейін 400-ге жуық велосипед ұрланғаны туралы жазған болатынбыз.