ШҚО-да жер қойнауын пайдалану талаптарын бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН.KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланатын компанияларға қатысты экологиялық тексеру нәтижелері жарияланды. 

ШҚО-да жер қойнауын пайдалану талаптарын бұзған кәсіпорындарға  айыппұл салынды
Фото: gov.kz

ШҚО Экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша жер қойнауын пайдаланатын 484 мекеме тіркелген. Оның ішінде 108 келісімшарт кең таралған пайдалы қазбаларды, 306 келісімшарт қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге тиесілі. I санатқа жататын 64 кәсіпорынның 23-і қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.

– Осы жылдың 10 айында экологтар 8 жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарын және қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу фактілері тіркелген, - делінген ақпаратта. 

Нәтижесінде «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС және бірқатар жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл көлемі – 9,7 млн теңге. 

Айта кетейік, қазір «ВСАМ Продакшн», «Маралиха», «Маралиха Голд» ЖШС-ға қатысты қосымша тексерістер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ «ГРК МЛД» және «КОГОДАЙ» кәсіпорындарына профилактикалық бақылау жоспарланған.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да кәсіпорынның сарқынды суы далаға төгіліп келгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар