ШҚО-да жыл басынан бері 1,5 тоннаға жуық балық заңсыз ауланған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында уылдырық шашу маусымы кезінде 92 браконьерлік фактісі тіркелді. 

ШҚО-да жыл басынан бері 1,5 тоннаға жуық балық заңсыз ауланған
Фото: Жетісу облысы ПД сайтынан

Өңір бойынша сәуір айының ортасында басталған «Уылдырық шашу-2025» акциясы мәресіне жетті. Бір жарым айдың ішіндегі рейдтер барысында 117 әкімшілік құқық бұзу тіркелген. 

— Оның ішінде 92-сі — заңсыз балық аулау, 24-і — кемемен қатынау ережелерін бұзу, 2-і — су айдындарын ластау, 1-і — балықты заңсыз тасымалдау. Тексеру барысында құқық бұзғандардан 130 балық аулау торы мен 3 қайық тәркіленді. Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 44 келі, — дейді Зайсан-Ертіс аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров.

Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 2 422 000 теңгеге жеткен. 

Жалпы осы жылдың басынан бері инспекция 656 рейд өткізіп, нәтижесінде 1,5 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық пен 973 құрал-жабдықты тәркіледі. 

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстауда теңіз жағалауынан 279 итбалықтың өлексесі табылғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар