ШҚО-ның Алтай ауданында қалған жалғыз ардагер қайтыс болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыстың Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы соңғы ардагері өмірден озды.

ШҚО-дағы Алтай ауданында қалған жалғыз ардагер қайтыс болды
Фото: Алтай ауданының әкімдігі

Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Василий Рудомётов 99 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Жерлеу рәсімі оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп, батырға құрмет көрсетілді. 

Василий Григорьевич 1944 жылы 17 жасында әскер қатарына шақырылған. Алдымен Башқұртстандағы оқу полкінде сапер мамандығын меңгеріп, кейін Маньчжурияға аттанған. Хинган жотасын асып өткен жауынгер жапон әскерімен шайқасқа түскен. 

— Соғыста ерен ерлік көрсеткен майдангер «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» және басқа да мерейтойлық медальдармен, Кеңес Әскері қатарындағы мінсіз қызметі үшін «Мадақтама парағымен» марапатталған. Соғыстан кейін ол тағы жеті жыл бойы әскер қатарында қызмет еткен соң елге оралды. Осында жұмыс істеп, өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосты, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 102 жастағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері қайтыс болғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар