ШҚО-дағы ең биік таулы көпірдің құрылысын жаңа мердігер жүргізеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуын айналып өтетін жол жобасын енді Бұқтырма су қоймасындағы еліміздегі ең ұзын көпірді салған «ОблШығысЖол» ЖШС аяқтайды. 

ШҚО-дағы көпірШҚО-дағы ең биік таулы көпірдің құрылысын жаңа мердігер жүргізеді құрылысы
Фото: Берік Уәлидің Facebook-тегі парақшасынан

Жоба аясында Пихтовка шатқалы арқылы өтетін Қазақстандағы ең биік таулы көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба өңірдегі ең күрделі әрі ұзаққа созылған жол құрылыстарының біріне айналған. Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағай аудандары тұрғындары мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін маңызды бағыт болмақ.

Жаңа трасса жолды шамамен төрт шақырымға қысқартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады. Қазіргі жолда қыс мезгілінде қар көшкіні мен боран салдарынан шектеулер жиі енгізіледі.

Бұған дейін құрылысты жүргізген «Kurylys Group RK» компаниясымен келісімшарт мерзімнің кешігуіне байланысты бұзылған. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, мердігер жұмыс кестесін бірнеше рет бұзып, жобаны аяқтау мерзімін сақтамады. Кейін компания мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіміне енгізілді.

– Қазіргі таңда жаңа мердігер құрылыс алаңына техника мен мамандарды толық жұмылдырған. Көпір маңында бетон зауыты орнатылып, бетон жұмыстарының жартысына жуығы аяқталған. Негізгі жұмыстарды тамыз айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр, - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұрбек Темірханов. 

Мамандардың айтуынша, нысандағы әр кезең сапа бақылауынан өтеді. Зертханалық тексерулер тұрақты жүргізіліп, анықталған кемшіліктер мердігер есебінен түзетіледі. Егер құрылыс кестеге сай жүрсе, Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Еске салсақ, ШҚО-да құрылысы «жыр» болған Осинов асуындағы жол 2024 жылы қайта салына бастаған болатын.