ШҚО-да құрылысы «жыр» болған Осинов асуындағы жол қайта салына бастады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы құрылысы «жыр» болған Осинов асуындағы жол қайта салына бастады.

2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталған болатын.
Бұл — өте маңызды жол. Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және Катонқарағай ауданына туристер тек осы жол арқылы жетеді.
Жолдың салынып бітпеу себебін әкімдік — жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткен деп түсіндірген.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта бұл мәселе шешіліп, құрылыс жұмыстары қайта басталды.
«Бұған дейін мемлекеттік орман қоры жерлерін көліктік жер санатына ауыстыру рәсімдерінің ұзаққа созылуына байланысты Осинов асуында құрылыс жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Бүгінде барлық қажетті рәсім аяқталып, жерге қатысты мемлекеттік актілер алынды», — делінген ақпаратта.
Биыл бұрғылау-жару және қазу жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар асудағы Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірге тіректер орнатылмақ.
Жалпы жол құрылысын 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған.