ШҚО-дағы компания Қазақстанның бірнеше өңіріндегі нысандардың құрылысын аяқтамай, созбалаңға салып отыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы компания елдің бірнеше өңіріндегі нысандардың құрылысын аяқтамаған. Соның зардабын халық шегіп отыр. Бұған не себеп болғанын Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Он кешеннің бесеуі ғана салынған
Шығыс Қазақстанда 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай келе жатқанына биыл төртінші жыл. Бұл кешендерді халық сарыла күтіп жүр. Себебі Марқакөл, Үлкен Нарын және Катонқарағай сынды шекаралық әрі жаңадан құрылған аудандар мен Ұлан ауданындағы Таврия, Бозанбай ауылдарында мұндай спорт нысаны атымен жоқ.

2021 жылы бірден осындай 10 кешеннің құрылысы басталды. Жоспар бойынша бір жыл да толмай түгелдей салынып қоюы керек-тін. Алайда тек жартысы ғана пайдалануға берілді. Қалғандарының құрылысы әртүрлі сатыда тоқтап тұрып қалды. Кейбіреулері опырылып, қирай да бастады.
- Мына қараусыз қалған ғимарат - Катонқарағай ауданындағы 911 380 000 теңгеге жаңадан бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Оның құрылысы 2022 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек болған! Әлі қабылданбаған ғимараттың күйі кете бастаған. Бұл қалай сонда?, - деп жазды бір жыл бұрын қоғам белсендісі Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мердігердің шотына құрылысқа бөлінген қаражаттың 89 пайызы аударылып қойыпты. Бірақ әкімдікке оған өз міндеттерін орындату үшін сотқа шағымдануға тура келді.

Сот шешімімен компанияға осы жылдың соңына дейін уақыт берілді. Алайда оған да үлгермегендіктен қаңтарға дейін жаңа мерзім бекітілді.
Ал Марқакөл халқына дене шынықтыру-сауықтыру кешенін бұдан ұзағырақ күтуге тура келеді. Құрылысы аяқталмаған ғимарат қараусыз қалып, екі жыл аспан астында шатырсыз тұрған. ШҚО құрылыс басқармасының мәліметінше, құрылыс жұмыстары келесі жылдың 3 тоқсанынан кейін аяқталуы тиіс. Дәл осы уақытта Үлкен Нарын ауылындағы кешен де салынып бітуі керек. Бұл жақтағы жағдай қиындау. Себебі 2021 жылдан бері мердігер бассейннің іргетасы мен темір қаңқасын ғана тұрғызып үлгерген. Сол үшін әкімдік оны сотқа берді.

Таврия мен Бозанбайдағы спорт кешендеріне бір қарасаңыз басқалармен салыстырғанда көз қуанады. Десе де ішіне кіргенде талай кемшілік байқалды.
- Осындай олқылықтары бар нысанды қабылдап, пайдалануға беру мүмкін емес. Өйткені бұл адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Арнайылап тексермей, көзбен шолып шыққанның өзінде 18 бұзушылық байқалды, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Биылғы сәуір айында сот мердігерге 2 млн теңгеден астам айыппұл салып, лицензиясынан айырған. Қазір Таврия мен Бозанбайдағы кешендердің құрылысы облыстық құрылыс басқармасының бақылауымен аяқталып жатыр.
- Мердігермен келісімшартты бұзбауымызға не себеп болды? Осыны түсіндіре кетейін. Біздің міндетіміз - бюджеттен бір тиын да артық шығармай, барлық жұмысты аяқтау. Келісімшартты бұзсақ құрылыс материалдары бағасының қымбаттағанына байланысты жобаға өзгеріс енгізіп, соманы көбейтуге тура келеді. Қайтадан жаңа тендер жариялаймыз. Оның бәрі уақыт алады. Десе де біз мердігерді, оның жеткізушілерін түгелдей сотқа бердік. Не себепті осылай болғанын анықтамақпыз, - дейді ШҚО құрылыс басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.

Барлық 5 нысанның құрылысын бір мердігер - «QazConstructions» ЖШС жүргізген. Сондай-ақ компанияның сумен жабдықтауға қатысты да жобалары бар. Мәселен, Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында тұрғындар орталықтандырылған су жүйесіне былтыр жазда қосылуы тиіс еді. Бірақ халық әлі күнге дейін кенезесі кепкенде тау өзеніне барып су алуға мәжбүр. Ауылға 14 шақырым желі тартылып, құдықтар орнатылып, сорғы станциясы салынды. Десе де әлі қажетті жабдықты орнатып, іске қосу жұмыстарын жүргізу керек.

- 2023 жылы жобаны аяқтау мерзімі 2024 жылдың 30 қарашасына дейін ұзартылды. Алайда жеткізушінің салдарынан жұмыс бұл уақытта тағы орындалмады. Енді көктемді күту керек. Өйткені қыста су жіберсе құбырлар қатып, сынып қалуы ықтимал, - дейді ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек.
Енді су құбырын пайдалануға берудің жаңа мерзімі 2025 жылдың сәуір айына қойылған.
Компанияның "сақалды құрылысы" Абай облысында да бар. Бірақ ол кезде өңір Шығыс Қазақстан құрамында болған. Шалғайдағы Үржар ауданында 2020-2021 жылдары «QazConstructions» ЖШС жеңіп алған 5 тендердің біреуі бойынша ғана жұмыс аяқталуға таяу. Атап айтқанда, Жоғарғы Егінсу ауылына су тарту жұмыстары 95 пайызға орындалды. Десе де халыққа әлі су тартылмады.

Барқытбел ауылында су мәселесі өте өзекті. Аудан әкімдігі мердігерді сотқа беріп, істі жеңіп шықты. Сот орындаушылары бюджеттің қаржысын қайтаруды қолға алды.
- Біз үшін жалғыз су көзі - өзен. Басқа су алатын жер жоқ. Шөлдегенде және басқа да тұрмыстық қажеттіліктерге су қажет болғанда арлы-берлі сабылып жүреміз, - дейді тұрғындар.
Сондықтан жергілікті билік жобадан қалған 125 млн теңгеге жуық қаржыны желілерді салуға жұмсауды ұйғарды.
- Сот шешімінің орындалуын күтіп отыратын уақыт жоқ. Сол үшін жоба талаптарын барынша жеңілдеттік. Біз басқа мердігерді де таптық. Қазір ол тиісті материалдарды алып жатыр, - дейді Үржар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Самат Маусымбаев.
Ал аудан орталығы - Үржар ауылында су құбырын қайта жаңғырту жобасын қайта жасауға тура келеді.

- Канал жоқ, гидротехникалық құрылыстар салынбаған, бетон жұмыстары аяқталмаған. Мердігер болса 235 млн теңге көлемінде 30 пайыздық аванс алып алған. Сонда нәтиже қайда?!, - дейді қоғам белсендісі Әділ Пшенов.
Жалпы сот шешімімен мердігер Үржар ауданындағы нысандар бойынша аяқталмаған жұмыс үшін 860 млн теңге қайтаруға міндеттелді.

Мәселе тек бұл облыстарда емес. Аталмыш компания Жамбыл облысында құны 18,7 млрд теңгені құраған «Шу-Қайнар» жолын салмаса, Қостанайдағы Мәскеу ауылдық округінде су құбырын тартпаған. Соның салдарынан 500 отбасы сусыз қалды.
Компания кімге тиесілі ?
«QazConstructions» компаниясы 2001 жылдың наурыз айында «Нарын» атауымен Катонқарағай ауданы әкімдігінің мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ретінде құрылған. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, компанияны Нығмет Шаухин басқарған.
2013 жылдың ақпан айында құрылтайшы ауысты. Компания Катонқарағай ауданының қаржы бөлімінің басқаруына берілді. Осы кезеңде көрсететін қызмет түрі өзгертіліп, «Нарын-Сервис» ЖШС деп жаңаша аталды.
2017 жылы компания толықтай оның бұрынғы басшысы Нығмет Шаухиннің меншігіне өтті. Ал 2020 жылдың ақпанынан қазіргі уақытқа дейін «QazConstructions» деген жаңа атау алған ЖШС-ның жалғыз иесі және басқарушысы Медет Қабден Қаныбекұлы болды.

Заңға өзгеріс енгізілді
Бұрын бір компания қанша тендер алса да заңға сәйкес оған ешкім шектеу қоя алмайтын. Алайда 2023 жылдың наурыз айынан бастап мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізілді.
- Енді конкурсқа қатысушылардың ұпай саны бірдей болған кезде әлеуетті жеткізушілермен жасалған келісім-шарттардың саны да маңызға алынады. Әрбір осындай келісім үшін веб-портал жалпы шартты жеңілдік критерийлерінің 0,1%-ын алып тастайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, екі компания барлық тұрғыдан тең болған тұрған жағдайда, кімнің жүктемесі аз сол жеңеді, - дейді ШҚО құрылыс басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.
Бұдан бөлек, келесі жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталында адами факторларды жоятын жаңашылдықтар енгізіледі. Яғни, біреудің мүддесін қорғау, комиссиялық дауысқа салу, батырманы байқаусызда басып алу сынды мәселелелер туындамайды.

Еске салсақ, осыған дейін 8 жыл бұрын басталған ШҚО-дағы Осинов асуындағы жол құрылысы әлі аяқталмағаны хабарланған.