8 жыл бұрын басталған ШҚО-дағы Осинов асуындағы жол құрылысы әлі аяқталмаған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда созбалаңға салынған ондаған құрылыс бар. Оның ішіне республикалық маңызы бар жолдар, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалар кіреді. Бұл құрылыс жұмыстары не себепті уақытылы аяқталмады, жақында ел игілігіне берілетіндері бар ма? Kazinform агенттігінің тілшілері бұл сауалдардың жауабын үшін журналистік зерттеу жүргізіп жатыр. Ал осы материалда Алтай ауданындағы Осинов асуы жолы құрылысының жай-күйі жайлы сөз етпекпіз.

Аса қауіпті жол
«Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолы серпантинге толы. Тау үстіндегі ирелең жолмен жүру аса қауіпті. Сондықтан мұнда жаңа жол салу жайлы шешім қабылданған. Алайда сол жол құрылысының «жыр» болғанына 8 жыл толып отыр. Небәрі 28 шақырымдық жолдың бұрылысы мол, өрі мен еңісі ат шаптырым. Осы Осинов асуында жыл сайын ондаған жол-көлік оқиғасы тіркеледі.
- Осинов асуын халық «өлім жолы» деп атап кеткен. Серпантинде ірілі-ұсақты апаттар жиі болады. Рөлге ие бола алмай қалғандар жыраға құлап кетеді. Қыстың күні тайғақ жолда көліктер өрге шыға алмай қалып жатады. Өзім Өскеменге барып-келіп жұмыс істейтіндіктен, осы жолмен үнемі жүруіме тура келеді. Әркез аман-есен келсек екен деп уайымдаймыз, - дейді Алтай ауданының тұрғыны Архат Омаров.

Құрылыс ақталса Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағай аудандары тұрғындарының жолдағы қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қазақстанның әр өңірі мен алыс-жақын шетелден келетін қонақтарға да танымал туристік базаларға жету жеңілдей түсетіні анық. Тек жаз айларының өзінде нулы Катонқарағай мен сулы Бұқтырмаға жарты миллионға жуық адам демалған. Әр демалыс күндері 20 мың көлік әрлі-берлі айқастайды.
- Катонқарағай, Алтай мен Бұқтырма су қоймасы – шығыстың ғана емес, Қазақстанның көз тартар сұлу табиғаты. Біз Қытай елінің азаматтарын осында турмен алып келеміз. Өзіміз де демаламыз. Биыл визасыз режимнің арқасында біздің турагент 10-нан астам тур ұйымдастырып, 150 мыңдай турист келді. Осы жолдан өту қорқынышты екені рас, сондықтан қауіпсіз жол құрылысының аяқталуын күтіп жүрміз, - дейді қытайлық турагент Джен-Хуа Шью.
«Сақалды» құрылыс
2017 жылы басталған құрылыс жоспар бойынша 2020 жылы бітуі тиіс еді. Әуелі жол қиылыстарының күрделілігіне қарамастан құрылыс жұмыстары уақтылы жүріп жатты. Мердігерлер 16 шақырым жолды тау үстіне салғаннан тегіс жолға 100 шақырым асфальт төсеу оңайырақ болатынын айтқан. Расыменде оларға әрбір метр сайын тасты жару арқылы жол төсеуге тура келді. 12 шақырымды құрайтын жолдың екінші бөлігі асфальталды. Бірақ 2018 жылдың күзіне қарай қызу жүріп жатқан жұмысты тоқтатуға тура келді,
- Пихтовка шатқалы арқылы өтетін көпір – Осинов асуы жобасының визиттік картасы болмақ. Бұл күрделі инженерлік құрылыс. Биіктігі 19-42 метрлік жеті тірегі бар көпірдің ұзындығы – 177 метр. Жол құрылысы мемлекеттік орман қорының аумағынан өтетіні күрделі мәселе болып тұр, - деген еді 2018 жылы мердігер «АБК-Автодор НС» ұйымында жұмыс істеген жоба жетекшісі Айдын Майусов.

Сол кезде орман қорына тиесілі аумақты бір министрліктен екінші министрлікке өткізу 4 жыл уақыт алады деп ешкім ойлаған жоқ. Мердігер өз жұмысын аяқтау үшін бұл шешімді бірнеше жыл күтіп, кейіннен бас тартты. Бастапқыда 18 млрд теңгені құраған құрылыс бағасы екі есеге өсіп кетті. Осылайша, құжаттарды қайта түзеп, басқа мердігерді іздеуге тура келді. Араға 5 жыл салып 2023 жылы құрылыс қайта жанданды.
Аяқталуға шақ қалды ма?
Бүгінде жерді дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 500 мың кубометр жер жарылған.
- Біз тек жерді жарып қана қоймай, топырақты басқа жаққа апарып төгеміз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі әркез бірінші орында. 14 қабатты үйдей биіктіктегі жерде құрылыс бастау үшін бірінші техника тұратын аумақты дайындап алуымыз қажет. 16 шақырымдық бірінші жер бөлігіне 13,2 млрд теңге бөлінген. Оның 5 млрд теңгесін игердік. Қазанда тағы 2,4 млрд теңге бөлінді, оны да игеріп жатырмыз, - дейді жобаның қазіргі мердігер ұйымы «Kurylys group RK» жетекшісі Ермек Әлиев.

Құрылысшылар көпір құрылысын көктемде бастамақ. Қазіргі уақытта темір бетон конструкциялары, су өткізгіш құбырлар, битум сынды материалдарды әзірлеп жатыр. Жұмыстың әр кезеңі Жол активтері ұлттық сапа орталығының бақылауында.
- Осы жоба құрылысын біздің қызметкерлер бір жылдың ішінде 8 рет бақылады. Жұмыстың талапқа сай жүруін, материалдардың сапасын тексердік. 4 бұзушылық анықталып, қазір қалыпқа келтірілді, - дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығының бөлім басшысы Саяхат Мүсәпіров.

Қайта түзетулерден кейін екінші учаскедегі жұмыс әлі жанданған жоқ. 6 шақырымға жуық жол әлі салынып бітпеген. Бұл да орман қорына қарасты аймақ.
- Осы 5,7 шақырымдық жер Березовка ауылын айналып өтеді. Оны жөндеуге бөлінген қаражат 2024 жылдың мамырында біткен. Ал 27 тамызда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Қазір жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылуда, - дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы ШҚО бойынша филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Сондықтан «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» тасжолының 72-88 шақырымын жөндеу келесі жылға қалдырылады. Сөйтіп көптен күткен жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға шегерілді.