ШҚО-дағы көппәтерлі үйлер 30 жылдан соң орталық жылу жүйесіне қосылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында жүздеген көппәтерлі үй күні бүгінге дейін орталық жылу жүйесіне қосылмай келді. Соның салдарынан тұрғындар көмір тасып, от жағып, әуре-сарсаңға түсуге мәжбүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Пәтерлер неге пеш жағып келді?
Облыс аудандарына табан тірегенде көпқабатты үйлердің қабырғасынан шығып тұрған құбырларды жиі көз шалады. Тоқсаныншы жылдары ауылдарда орталық жылудың өшірілуі салдарынан үйлерді пешпен жылытуға тура келді.
- Оған дейін ірі кәсіпорындардың есебінен жылынып тұрған көпқабатты үйлер, КСРО тарағаннан кейін орталық жылу жүйесінен айырылды. Бәрі бірден пәтерлерге пеш салды. Бұл өте қауіпті әрі жоғары қабаттарға көтерілу де оңай болмады. Адамдар қысқы отын жинауға да дайын болмады. Жұмыссыз, жылусыз қалған ауыл тұрғындары туған өлкелерін тастап кетіп жатты, - деп сол бір шақты еске алды Күршім ауданының байырғы тұрғыны Бекмұхамбек Раисов.
Осы және басқа да ауыртпалықтарға төзбеген халық саны Күршім ауданының өзінде ғана үш есеге азайды. 47 мың адамнан 15 мың адамға дейін азайды.

Қаңырап қалған пәтерлер
Аталмыш аудандағы барлығы 45 елді мекеннің, 6,5 мың пәтері пешпен жылытылып отыр. Бірақ бұл пәтерлердің жартысы қаңырап бос тұр. Ауылдан кетпегендердің өзі жер үйлерге көшіп кеткен.

Әсіресе, шелектеп көмір тасып, жоғары қабатқа көтерілетін қарттарға қиын болды. Облыс аудандарында барлығы 10 бесқабатты үй, 20-ға жуық үшқабатты үй, 430-дан астам екі қабатты үй бар.
- Біз барлығын тексеріп, әр көпқабатты үйге қажетті жылу қуатын анықтадық. Қазіргі уақытта орталық жылу жүйесін қалпына келтіру бірқатар ауданда жүзеге асырылып жатыр. Күршім, Таврия, Самар, Ақжар, Опытное поле, Марқакөл, Бозанбай елдімекендеріндегі жылу жүйелерін және қазандықтарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Тұрғындарлы жылумен, жайлы өмірмен қамтамасыз ету үшін бұл мәселені түбегейлі шешуіміз тиіс, - деді ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Оң өзгерістердің бастамасы
Аудандарға жаңа қазандықтар салу, қолда барды қалпына келтірудің ауқымды бағдарламасы және жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары басталып кетті. Алғашқы оң өзгерістің игілігін Күршім ауданы орталығының тұрғындары көрді. 81 жастағы Валентина Мушанкова қуанышын жасырмады.
- Әйтеуір дегенде қолымыз жетті ғой! Көмір тасып, күл шығарудың қиындығын талай жыл көріп келдік. Әсіресе, әйелдерге қиын. Өз пәтерімнің орталық жылуға қосылғанына сене алмай тұрмын. Өзім жалғыз тұрамын, пеш жағу қиын. Былтырғы жыл да күршімдіктер үшін жемісті болды. 60 жыл күткен Бұқтырма арқылы өтетін көпір ашылды, - деп зейнеткер қуанышымен бөлісті.
Күршімдегі қазандықтарды қалпына келтіру тек тұрғын үйлерді ғана жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік нысандарды да қамтып отыр. Мысалы, № 4 мектеп енді электр қуатының өшуінен зардап шекпейтін болды, ал жылуға кететін шығын үш есеге азайды.
- Келесі жылы орталық жылу жүйесіне тоғыз үй және бірнеше мекеме қосылмақ. Олардың қатарында аудан әкімдігі де бар. Әзірге барлық мемлекеттік ұйымдар электр жүйесі арқылы жылынып отыр. Қазандықтарды қалпына келтіру ауыл тұрғындарының өмірін жақсартып қана қоймай, бюджеттік ұйымдардағы жылуға кететін шығынды азайтады, - деді жергілікті коммуналдық мекеме директоры Аслан Ақанов.

Осындай жұмыстар Таврия, Самар, Ақжар елдімекендерінде де жүріп жатыр. Таврияда екі шақырым жылу жүйесі тартылып, 2025 жылы блоктік-модулдік қазандықтың құрылысы аяқталмақ. Самарда 31 үйді, әлеуметтік нысандарды және жеке секторларды қамтамасыз ететін жаңа қазандықтың құрылысы басталып, жылу жүйелері де қалпына келтіріледі.
- Алдағы уақытта 161 үйді орталық жылу жүйесіне қосу көзделген. Ол 2400 пәтер жылумен қамтамасыз етіледі деген сөз. Алайда мұның бәрі ірі көлемдегі инвестицияны талап етеді. Жеті ауылдағы жылу жүйелерін қалпына келтіру және қазандықтарды салудың өзіне 20 миллиард теңге қажет. Қаражат мәселесін де ақырындап шеше бастаймыз, - деді Нұрлан Рамазанов.
Өңір тұрғындары бұл жобалардың жүзеге асуы жайлы өмір сыйлап қана қоймай, жекелеген аудандардан тұрғындардың көшуін тоқтатады деп үміттенеді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да он жылда 30 ауыл картадан ғайып болғаны жайлы жазған болатынбыз.