Жұрты көшіп, жүдеген ауылдар: ШҚО-да он жылда 30 ауыл картадан ғайып болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында кезінде тіршілігі қыз-қыз қайнап, тұрмысы гүл-гүл жайнап тұрған ауылдар қазір қаңырап бос қалып жатыр. Түтіні сиреп, бұқарасы азайған талай елді мекен картадан жоғалып та кетті. Соңғы 10 жылда облыс бойынша 30 елді мекен таратылған екен. Қазір 50 адамнан аз тұратын 25 ауыл бар. Олардың да жабылып қалу қаупі жоғары.

ауыл
Коллаж: Canva

Үміті үзілгендер үдере көшті

«Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар?» демекші, халықтың туған ауылын тастап басқа жаққа көшуі тектен-текке емес. Өркениеттен тыс қалған ауылдарда өмір сүру қиындап кеткендіктен амалы құрыған жұрт буынып-түйініп жолға шығады.

Бұл әсіресе Қатонқарағай, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай аудандарында жиі кездесетін жағдай. Бұрын төскейде мыңғырған мал жайылып, салтанат сәні, сарқылмас әні бар той-томалаққа халық ағылатын ауылдың көрінісі қазір басқаша. Жүдеп тұр.

ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жылда Шығыс Қазақстанда 30 елді мекен таратылған.

Нақты айтқанда: 

— 2014 жылы — 8 ауыл. Оның ішінде Катонқарағай ауданында — 1 (Талды ауылы), Күршім ауданында — 2 (Майтерек, Қарағайлыбұлақ ауылдары), Шемонаиха ауданында — 5 (Моисеевка, Трехгорное, Зауба, Қазақстан разъезі, Фестивальная станциясы ауылдары);
— 2017 жылы — 4 ауыл. Бәрі Күршім ауданында (Мойылды, Матабай, Төсқайың, Шірікаяқ);
— 2018 жылы — 4 ауыл. Оның ішінде Глубокое ауданында — 2 (Красная Заря, Волчиха), Катонқарағай ауданында — 2 (Ульяновка, Маралды);
— 2019 жылы — 10 ауыл. Оның ішінде Күршім ауданында — 5 (Алтай, Діңгек, Жылытау, Қарабұлақ, Тентек), Ұлан ауданында — 2 (Ақжартас, Қызылсу), Алтай ауданында — 2 (Бедаревка, Көгілдір Бұғаз), Шемонаиха ауданында — 1 (Садовое);
— 2020 жылы — 4 ауыл. Түгелдей Зайсан ауданының ауылдары (Жаңабаз, Талды, Сарытұмсық, Сарши).

«Биыл облыс бойынша 6 елді мекен картадан жоғалды. Глубокое ауданындағы 3 ауыл таратылған. 60 адам тұратын Калинино ауылы Алтай ауылының құрамына енсе, 44 адамы бар Сметанино ауылы Кожохово ауылының құрамына қосылды. Ал 23 адам тұратын Аврора станциясы ауылы Красноярск ауылдық округіндегі Предгорное ауылының құрамына кірді. Тарбағатай ауданында 3 ауыл жойылған. Сағындық ауылы (11 адам) Ақжар ауылдық округінің Жаңалық ауылының құрамына, Өтеген ауылы (34 адам) Қарасу ауылдық округінің Қарасу ауылының құрамына, Жалғызтөбе ауылы (10 адам) Маңырақ ауылдық округінің Дәулетбай ауылының құрамына қосылды. Қазан айының басындағы жағдай бойынша өңірде халқы 50 адамнан аз 25 ауыл бар», — дейді басқарма басшысының орынбасары Динара Жұманова.

Шығыс Қазақстан облысы Қытаймен шектеседі. Сондықтан шекаралық ауылдар мәселесі стратегиялық маңызға ие. Kazinform тілшісі ауылдары жойылған аудандар әкімдіктеріне сауалхат жіберіп көрді.

Ондағы мақсат — қазіргі ахуалды және алдағы уақытта елді мекендердің жұрты басқа жаққа көшіп кетпес үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын білу.

Зайсан ауданы

Зайсанда осыдан 4 жыл бұрын 3 ауыл жабылған. Айнабұлақ ауылдық округінің Талды (30 адам), Сартұмсық (32 адам), Кеңсай ауылдық округінің Сарши (28 адам), Сарытерек ауылдық округінің Жаңабаз (38 адам) ауылдары оңтайландырылған.

«Елді мекендерден халық көшпес үшін Айнабұлақ, Дайыр ауылдарында спорт модулі, Қаратал ауылында дәрігерлік амбулатория, Жаңатұрмыс, Саржыра ауылдарында медициналық пункт, Жарсу ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Үлкен Қаратал ауылында мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2022 жылы өңіраралық еңбек ұтқырлығы шеңберінде жұмыс күші артық Оңтүстік, Солтүстік өңірлерден ауданға 18 отбасы (31 адам) және басқа мемлекеттерден 6 қандас қоныс аударған. 2023 жылы 30, 2024 жылы 39 адам көшіп келді», — дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдина.

Қазір аудандағы Аққойын ауылында 8 адам ғана тұрып жатыр. Ол Сарытерек ауылдық округінің құрамына кіреді.

«Аққойын — ауданның стратегиялық маңызды елді мекені. Ауыл аумағында „Кендірлік“ көмір кен орны, Обалы шекаралық әскери заставасы орналасқан. Аудан орталығынан қашықтығы — 100 шақырым. Бұл аудандық маңызы бар автомобиль жолы. Ауылды оңтайландырса ұзындығы 40 шақырымды құрайтын Омбы-Майқапшағай-Аққойын жолы жергілікті маңызы бар жолдар тізбесінен шығарылады. Соның салдарынан қыста жолды қардан тазарту мәселесі туындауы мүмкін. Өйткені округ аумағында көлік жолын қыста ұстау мәселесі өте өзекті», — дейді Нұрғайни Қабидолдина.

«Кендірлік» кен орны 20 жылдан астам уақыт бойы аудан тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етіп келеді. Аққойын елді мекені аумағында «ЗДП Кварц» ЖШС-нің 30-дан аса жұмысшысы екі ауысымда вахталық режимде жұмыс істейді.

Сондықтан қыс мезгілінде көліктердің стратегиялық маңызды объектілерге және шаруа қожалықтарының қыстақтарына дейін үздіксіз жетіп отыруы үшін Аққойын ауылының мәртебесін сақтап қалу қажет.

Катонқарағай ауданы

Былтыр және осы жылдың басынан бері Катонқарағай ауданы бойынша жойылған ауылдар тіркелмеген. Бірақ ауылдарда халық саны бұрынғыға қарағанда азайып келеді. 

Катонқарағай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанна Асқарованың айтуынша, елді мекендер жойылмас үшін мемлекет тарапынан бірқатар бағдарлама іске асырылуда.

«Оның ішінде „Дипломмен ауылға“ бағдарламасы бар. Биыл 15 жас маманға көтерме жәрдемақы және 3 маманға үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Бағдарлама шарты бойынша олар ауылда 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданының қайта құрылуына және туризм орталығына айналуына байланысты түрлі жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Яғни жаңа жұмыс орындары көбейді. Бүгінде Катонқарағайда 7 ауылдық округ және 27 елді мекен бар. 5 ауылда халық саны 50-ден аз. Атап айтқанда, Рахман қайнары — 11 адам, Мойылды — 23 адам, Шұбарағаш — 13 адам, Бекалқа — 4 адам, және Ақшарбақ — 2 адам. 2025 жылы аудан бойынша Бекалқа және Ақшарбақ ауылдарының жойылу ықтималдығы жоғары», — дейді ол.

елді мекен
Фото: Ақсу ауылдық округінің әкімі Айтас Нұрқас

Құрамына осы ауылдар кіретін Ақсу ауылдық округінің әкімі Айтас Нұрқасқа телефон шалып көрдік.

«Бекалқада қазір 4 адам тұрып жатыр. Қалған үйлердің бәрі бос. Ондағы халық 8 шақырымдай жерде орналасқан Ақсу ауылына көшіп алған. Ал Ақшарбақта 2 адам ғана қалды. Ол жақта демалыс базалары бар. Жазда туристік маусым кезінде сонда баратындар көбейеді. Бұл екі ауылдан жұрттың көшу себебі — жол жағдайының нашарлығы. Қыста жауған қалың қардан ол жаққа жету мүмкін емес. Мектеп те жоқ. Егер балалары басқа ауылда оқыса қыста ол мектепке жете алмай қалады. Десе де бұл ауылдарды жаппаған дұрыс. Себебі туристік әлеуеті өте жоғары. Жол салынып, жағдай жасалса тұрғындар үйлеріне қайта оралатын шығар», — дейді әкім.

Қазақстанда Катонқарағайды білмейтін адам кемде-кем шығар. Себебі оның тұмса табиғаты көз алдымнан кетпесе екен деп тілейтіндей сұлу көріністерге толы. Осы жылдың 9 айында ауданға 141 000 астам турист келсе, оның ішінде шетелдіктер саны 3 000 адамды құрады.

«Ауданымызда туризм жақсы қарқынмен дамыған жағдайда ауылдардың жойылуына тосқауыл болуы мүмкін деп ойлаймыз. Алдағы уақытта Белқарағай ауылдық округіне қарасты жер теліміне әуежай салынады деп жоспарланып отыр. Ақсу, Аққайнар, Жамбыл ауылдық округтеріне асфальт жол салу көзделген», — дейді Катонқарағай аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы.

Күршім ауданы

Соңғы 10 жылда аудан бойынша 5 ауыл картадан жоғалса, қазір тұрғын саны 50-ден аз 2 ауыл бар. Олар Қайнар және Егіндібұлақ елді мекендері.

«Аудан халқын көбейту мақсатында соңғы 3 жылда 35 отбасы немесе 136 адам басқа өңірлерден қоныс аударылған. Бүгінде Қайнар ауылында халық саны — 47, қараша айында 4 адам көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Ал 32 адам тұратын Егіндібұлақ ауылының 2025 жылы жойылу ықтималдығы жоғары», — дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.

Айта кетейік, Президент тапсырмасынан кейін күні кеше Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын Бұқтырма су қоймасына көпір салынды. Бұл көпірді бұқара талай жыл күтті. Енді кезінде көшіп кеткендер қайта оралады деген үміт те пайда болғаны рас.

«Көпір ауданның туризм, сауда, шағын және орта бизнесін дамытуға зор ықпал етеді. Жол жүру уақыты мен жолға кететін шығындар да азаяды», — дейді М. Әлібеков.

Марқакөл ауданы

Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев ауылдардағы тұрғын санын азайтпас үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді.

«Елімізде шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Ондағы мақсат — ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту. Елді мекендерге ғаламтор тарту, жеңілдетілген несие беруі, таза ауызсумен қамтамасыз ету, „Бірқабатты Шығыс“ бағдарламасы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға үй беру, Оңтүстік өңірлерден отбасыларды қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде аудандағы Төсқайың ауылдық округіне қарасты Балықтыбұлақ ауылында — 32 адам тұрады», — дейді ол.

Басқа елді мекендерде адам саны 50-ден асады екен. Биыл Марқакөл ауданына 6 отбасы (39 адам) қоныс аударыпты.

Тарбағатай ауданы

2024 жылы аудандағы Ақжар ауылдық округінің Сағындық ауылы, Қарасу ауылдық округінің Өтеген ауылы, Маңырақ ауылдық округінің Жаңғызтөбе ауылы таратылған. Қазіргі уақытта Қарасу ауылдық округіне қарасты Жол құрылысы атты елді мекенде шамамен 20 адам ғана тұрады.

Ауылдарды жоймас үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауалымызға Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы жауап берді.

«Бізде „Дипломмен ауылға“ және „Қоныс аудару“ бағдарламалары жүзеге асып жатыр. Аудан әкімдігі жыл сайын қажетті мамандардың тізбесін жасап отырады. Сол арқылы ауылға қалалардан кадрлар шақырылады. Осы тізім бойынша жұмысқа келген адамдарға жеңілдетілген несие мен жәдемақы беріледі», — дейді ол.

Біз қаузап отырған тақырып Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, елдің басқа өңірлерінде де өзекті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылдың ішінде республикада 78 ауыл жойылған.

Бұл теріс динамика осымен тоқтамай, керісінше жалғаса беретін түрі бар. Себебі елді мекендердің жартысынан көбінде 500-ден аз адам қалды. Ал жалпы ел халқының 37,3 пайызы ауылдарда тұрады. 

Ауылдарға интернет тартылып, жол салынып, барлық қажетті жағдай жасалмаса көш тоқтамайтын сияқты. Катонқарағайдың туристік әлеуеті, Күршімдегі көпірдің салынуы әлі де үміт үзіп, үкім шығаруға жол бермей тұр. Ауылдарға халық көшіп барып, қайта жан бітірсе ел шекарасы да бос жатпас еді… 

Соңғы жаңалықтар