Катонқарағай ұлттық паркінде шыққан өрт ауыздықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы жетуі қиын таулы аумақта шыққан табиғи өрт 3,7 гектар аумақта оқшауланды. Қазір өрттің бықсып жатқан жекелеген ошақтарын толық сөндіру және аумақты бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсу филиалына қарасты Ақсу орманшылығы аумағында тіркелген. Жалын теңіз деңгейінен 1 400 метрден астам биіктіктегі беткейде орман төсемесін, бұталы өсімдіктер мен жел құлатқан ағаштарды шарпыған.
Мамандардың айтуынша, жер бедерінің күрделілігі, тік жартастар мен кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын едәуір қиындатқан.
— Өртті ауыздықтауға Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің күштері, сондай-ақ ТЖМ мен облыс әкімдігінің авиациясы жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жұмысты ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов пен Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жанболат Тыныбеков үйлестіріп отыр, — деп хабарлады Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Өрт ошақтарына су төгу құрылғысымен жабдықталған тікұшақ 14 мәрте ұшып, жалпы көлемі 27 мың литр су төкті. Сонымен қатар өрт аумағына тікұшақтар арқылы жалпы сыйымдылығы 8 тонна болатын су сақтайтын ыдыстар жеткізілді. Бұл табиғи су көздері жоқ аймақта жерүсті күштерінің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берген.
Жұмылдырылған барлық қызметтердің үйлесімді іс-қимылы мен авиацияның қолдауының нәтижесінде табиғи өрт 3,7 гектар аумақта оқшауланды. Қазіргі уақытта бықсып жатқан жекелеген ошақтарды толық сөндіру және жағдайды тұрақты бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Катонқарағай ұлттық паркінде шыққан өртті ауыздықтауға тікұшақтар тартылғанын хабарлағанбыз.