ШҚО іскер топ өкілдерінен тұратын делегация Жидда экономикалық форумының жұмысына қатысты
АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының іскер топ өкілдерінен тұратын делегация үстіміздегі жылғы 19-22 наурыз аралығында Сауд Арабиясында өткен Жидда экономикалық форумының жұмысына қатысты,
деп хабарлады ҚР-ның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық бизнес өкілдерінің аталмыш сапарын еліміздің Сауд Арабиясындағы Елшілігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.
Әлемдік және аймақтық айтулы мәнге ие Жидда экономикалық форумы биыл он бірінші рет өткізілді. Оған биыл Сауд Арабиясының басшылығы, Түркия Премьер-Министрі Реджеп Тайып Эрдоган және батыс пен араб елдерінің бизнес көшбасшылары қатысты. Сонымен қатар, Форум барысында «Google», «Cisco», «BBC» және басқа да ірі трансұлттық және араб компанияларының басшылары баяндама жасады.