ШҚО мектептерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2400-ге жуық фактісі тіркелді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2392 фактісі тіркелді.
Оқу жылының басталуы қарсаңында ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары 671 білім ордасының 362-сіне тексеру жүргізді. Соның барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2392 фактісі анықталған.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Медет Мұқашевтің айтуынша, заңбұзушылықтардың арасында автоматты өрт дабылы жүйесінің жарамсыз болуы, бастапқы өрт сөндіру құралдарының толық жинақталмауы, өртке қарсы сумен жабдықтау көздерінің болмауы немесе қолда бар жүйелердің жұмыс істемеуі жиі кездеседі.
Сондай-ақ эвакуациялық шығу жолдарын пайдалану кезінде де талаптардың сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, эвакуация жолдарының заттармен бөгелуі, талапқа сай емес әрлеу материалдарының қолданылуы және басқа да бұзушылықтар тіркелген.
– Нысандардың басшыларына тексеру нәтижелері бойынша актілер мен анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетілген нұсқамалар берілді. Сонымен қатар 286 білім ордасына қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды, – деді Медет Мұқашев.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 29 әкімшілік іс сот органдарына жолданды.
Еске салсақ, осыған дейін 2 мыңнан астам мектеп асханасында санитариялық талап бұзылғаны хабарланған.