ШҚО мен Павлодар облысында жалған құжат жасаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
НҰР-СҰТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысында жалған есепшоттар жазумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан, құрамында 5 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергеуді аяқтады.
Тексеру барысында, ұйымдасқан топтың басшылары 2018 - 2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атына 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталды.
Шындығында кәсіпорындар ұйымдасқан қылмыстық топтың бақылауында болып, олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есепшоттарды жазып берумен айналысқан.
Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында кәсіпорындардың тіркелу орындары мен фигуранттардың мекен-жайларына тінту жүргізу барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары, 9 миллион теңге ақша алынды.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР ҚК 262 бабы 1-б. және 216 бабының, 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Жалпы 2020 жылы Департамент осындай қылмыспен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.