ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Нариман Алмасұлы тағайындалды.
Нариман Алмасұлы еңбек жолын 1995 жылы заңгер кеңесшісінің көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары Алматы облыстық сотының сот отырысының хатшысы, ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің бас маманы, ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМК жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ «Ертіс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша филиалының автомобиль көлігін бақылау бөлімінің жетекші маманы, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының қаржы-экономикалық және заң мәселелері жөніндегі орынбасары, «Қазақстан стандарттау және сертфикаттау институты» РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары, Үлкен Нарын ауданы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы лауазымдарында еңбек етті.
2025 жылғы 13 мамырдан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жолаушы көлігі мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған.
Айта кетейік, Өскемендегі Шнайдер көпіріндегі апаттан кейін құқық қорғау органдарының қатысуымен тексеріс жүргізілген. Соның қорытындысы бойынша аталған басқарманың бұрынғы басшысы Данияр Уахитовтың заңға қайшы әрекеттері анықталды.
Бүгінде ол қызметінен кетті.