«Шоқанның тікелей ұрпағымын» — Ғалымдар Сырымбет тұрғынының дәйектерімен келіспеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сырымбет ауылынан келген Дулат Мәліков өзін Шоқанның тікелей ұрпағы ретінде таныстырды. Бірақ шоқантанушы ғалымдар бұл пікірмен еш келіспеді. 

Дулат Мәліков
Фото: Видеодан алынған скрин

Тарихқа сүйенсек, Шоқан Уәлиханов 1864 жылы М. Черняев басқарған әскери экспедицияға қатысады. Черняев Әулиеатаны қантөгіспен басып алған соң, келіспеушілік туып, Шоқан Верный қаласына аттанып кетеді. Әрі қарай Алтынемелге барып, Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленеді және өмірінің соңғы айларын Айсарымен бірге өткізеді.

− Мен Шоқанның тікелей ұрпағымын. Шоқан Уәлиханов 1865 жылы 10 сәуірде қайтыс болды. Өмірден озар алдында үйіне хат жазып, Айсарыны қалдырмай, Сырымбетке алып кетіңдер дейді. Қазақта әмеңгерлік салты болған, оның бір себебі мүліктің басқа руға ауып кетпеуі болса, екінші себебі — баланың жетім қалмауы еді. Шоқанның мүлік жинайтын шамасы болған жоқ, демек Айсарының аяғы ауыр болғандықтан Шоқанның інісі Жақып жеңгесіне әмеңгерлікпен үйленіп, Сырымбетке алып кетеді. Сырымбетте Айсары ұл табады, ұлдың атын Мәлік деп қояды. Ол - Шоқаннан туған ұл. Біз Мәліктен тараймыз, − деді Дулат Мәліков.

Оның айтуынша, Айсарының аяғы ауыр болмаса, Оңтүстік-шығыстағы Алтынемелден сонау солтүстіктегі Сырымбетке келмейтін еді, оны аға сұлтан туыстары да жібермеуші еді. Сырымбетке келген соң, Айсары Мәлік, Рабиға және Мәриям атты үш бала тапқан.

Дулат Мәліков
Фото: Видеодан алынған скрин

− Мәліктен менің атам Қабдош және 6 қыз туады. Сол қыздардан туған жиендер әлі бар. Ол жылдары хан тұқымы екенін айтуға қорқатын небір заман болды, тіпті фамилиясын ауыстыруға мәжбүр болған. Өйткені олардың Уәлиханов екенін біреу естісе, репрессияға кетуі мүмкін еді. Мәлік 1933 жылы қайтыс болды, атам Қабдош 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапты. Ол кезде әкем 6 айлық сәби болған, әжем жазу-сызу білмеген. Осылайша, Шоқанның ұрпағы екенімізді дәлелдейтін ешкім болмай, Шоқанның ұрпағы жоқ деген қате пікір қалыптасты. Кейін Рабиғаның ұлы Нұрмұхамед әжеме әмеңгерлікпен үйленді, біздің шын шежіремізді сол кісі жаттатты. Рабиға біздің қолымызда тұрды, ал Мәриям Екібастұз жаққа тұрмысқа шығып, аштық жылдары хабарсыз кетті, − деді Дулат Мәліков.

Өз кезегінде шоқантанушы ғалым Жарылқап Бейсенбайұлы Шоқандай тұлға әлемдік ғылымда өте сирек екенін, Шоқан туралы қауесет те көп екенін айтты.

− Шоқанның тұқымы бар деген қауесет ғылыми деректерге сай келмейді. 1865 жылы 10 сәуірде Шоқан өлген соң, сол жылы 1 қарашада полковниктер Гейнс пен Гутковский бастаған Дала комиссиясының мүшелері Шоқанның жесірі Айсарыға көңіл айтуға келеді. Олар «Айсарының реңі өте қайырымды екен» деп атап өтеді. Осы жерде Шоқанның Колпаковскийге жазған ең соңғы хатын дәлелге келтіруге болады. 1865 жылдың 19 ақпанында Шоқан «Менің ауруым асқынып, өкпем тыныс ала алмай, қиналып жатып қалдым. Тәңір жарылқасын, маған дәрі жіберіңізші» деп хат жазады. Бұл анық туберкулездің нышаны. 19 ақпаннан 1 қарашаға дейін 8 жарым айдай уақыт бар. Гейнс пен Гутковский Айсарының аяғы ауыр екенін, Шоқаннан ұрпақ қалғанын еш жерде айтпаған, әйтпесе 8 жарым айда айы-күні білініп отырар еді ғой, − дейді Жарылқап Бейсенбайұлы.

«Шоқанның тікелей ұрпағымын» – Ғалымдар Сырымбет тұрғынының дәйектерімен келіспеді
Фото: Видеодан алынған скрин

Оған қоса, 1895 жылы Шоқанның жақын досы Григорий Потанин Шыңғыстың ауылына келеді. Екеуі бір-бірімен жыламсырап көріседі. Бұл кездесу туралы жазылған тамаша мақаласында атақты саяхатшы: «Шоқаннан ұл қалды», дегенді айтпайды. Жақып пен Айсарыдан туған «Шәукібай қызды (Рабиғаны) көрдім, шәй құйып отырды», деп жазған.

Ал 1920 жылдары Сәбит Мұқанов Сырымбетті аралайды, оның «Шоқан Уәлиханов» деген құнды монографиясы бар. Сәбит Мұқанов та Шоқаннан ұрпақ қалды, деп жазбаған.

− Шыңғыс та Айсарыны "Шоқаннан қалған көзім" деп қадірлеп, құрметтейді, бірақ Шоқаннан тұқым қалды, деп айтпай өткен. Полковник Александр Гейнс 1865 жылы жүргізген күнделігінде, Шоқанның інісі Жақып әмеңгерлік салтымен жеңгесін алып қайту үшін Алтынемелге келіп, науқастанып қалуына байланысты, жазылғанша біраз күн күтіп жатыр екен, деп жазады. Бұл қараша айы болса, Жақыптар шамамен желтоқсанға қарай ғана Жетісудан Көкшетауға қарай шыққан болады. 1958 жылы Сырымбетке Әлкей Марғұлан барып, Шоқан туралы естелік жинайды. Бұл мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде 1982 жылы жарияланған, Әлкей Марғұланның 14 томдық шығармалар жинағының 10 томына енген. Сонда Жетісуға Жақыппен бірге Сәтбайдың Имантайы, Сәдуақас және Жолдыбайдың Мұқаны барды деп жазылған. Имантай — Қаныш Сәтпаевтың әкесі, Сәдуақас — шамасы Мұса Шормановтың баласы болуы керек. Имантай 20 жаста, Мұқан 28 жаста, Сәдуақас 16 жаста. Бұл естелікті Жақыптың ұлы Құлыш айтқан. Қыс түсіп кетіп, жол жүру қиындық туғызғандықтан, олар жолда Баянауылдағы Шорман нағашысының аулына келіп, қыстайды. Жаз шыға ғана Сырымбетке жетеді. Шоқанның ұрпағымын деп жүрген адамдар Айсары Сырымбетке жүкті болып келді, деген уәжге сүйенетін көрінеді. Демек 1866 жылдың жазына қарай ғана жеткен Айсарының өз әмеңгері Жақыптан жүкті болуы әбден мүмкін. Бұл ғылыми дәйек, Әлкей Марғұланға сенбесеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, − деп түсіндірді шоқантанушы ғалым.

«Шоқанның тікелей ұрпағымын» – Ғалымдар Сырымбет тұрғынының дәйектерімен келіспеді
Фото: Видеодан алынған скрин

Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің де 1975 жылы Сырымбетке барғанын, Құлыштың ұлы Қайролла ақсақалмен сөйлескенін айтты.

− Ол кісіден «Шоқанның ұрпақ бар ма», деп сұрағанымда, «ұрпақ қалған жоқ», деп жауап берді. Сондықтан бұл қауесетті әрі өршіте бермей, тоқтату керек. Шоқанның есімін таза ұстайық, бүкіл әлемге көрсететін төлқұжатымыз кіршіксіз болуы керек. Журналистер "Шоқанды атып кеткені, улап кеткені рас па?" деп те сұрайды әдетте. Шоқан өкпе туберкулезінен қайтыс болған. Ол туралы деректер көп. Г. Потанин Шоқанның кадетте оқып жүрген кезінің өзінде өкпе туберкулезінің белгілері болғанын, жазда еліне барып, қымыз ішіп, оңалып келгенімен қыста қайта ауыра бастайтынын жазған.

«Шоқан ханның тұқымы, таршылық көрген жоқ, ішкені алдында, ішпегені артында болды» деп жүргендер бар. Ол ханның тұқымы болып өмір сүрген жоқ, 12 жасынан бастап Омбының суық казармасында 6 жыл оқыды. Одан кейінгі көп өмірі саяхатпен өтті. Қашқардан қайтып келе жатқанда суыққа ұрынып, денсаулығын одан әрі әлсіретіп алды. Мұның бәрі ғылыми фактілер, Шоқанның бестомдығын оқыған адам біледі. Петербургке жетіп, өзі аңсаған қызметіне кірісіп кеткенімен, дәрігерлер оны "тезірек еліңе қайтып, қымыз ішпесең өлесің" деп қайтарып жібереді. Еліне келіп, аға сұлтан болғысы келді. Бірақ оның да сәті түспейді. 1863 жылы Николай Ядринцев Шоқанмен Омбыда кездескенін, туберкулезбен ауыратыны анық білініп тұрғанын, бірақ сонда да Петербургке барғысы келіп жүргенін жазады. Ақыры Петербурге кете алмаған соң, Черняев Әулиеата экспедициясына қосылады. Әрі қарайғы тағдыры баршаға аян, − деп түйіндеді Жарылқап Бейсенбайұлы.

Айта кетейік, Ұлттық академиялық кітапханасында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы аясында «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы: тарих пен саясат сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Академиялық кітапхана Шоқан туралы сирек кітаптар мен құжаттарды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар