Шолпан-Атадағы кездесу Транскаспий бағытын дамытуға серпін береді – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Шолпан-Атадағы Консультативтік кездесу аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңімен тұспа-тұс келіп, практикалық мәселелерді талқылау тетігіне айналып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукен айтты.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда бұл формат тұрақты саяси диалог алаңынан практикалық мәселелерді талқылау және ортақ ұстанымдарды үйлестіру тетігіне айналып отыр.
– Шолпан-Атада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті бейресми Консультативтік кездесуі аймақтық ынтымақтастықтың жаңа серпін алған кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі таңда формат тұрақты саяси диалог алаңынан практикалық мәселелерді талқылау және ортақ ұстанымдарды үйлестіру тетігіне айналды. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстанның экономикалық дамуы мен ұзақ мерзімді мүдделерімен сәйкес келеді, - деді ол.
Оның сөзінше, бұл үрдіс өзара сауда көрсеткіштерінен де айқын көрініс табады.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 12,3 млрд долларды құрады, ал Қазақстанның аймақ елдерімен сауда көлемі 8,8 млрд долларға жетті. Аталған көрсеткіштер Қазақстанның аймақішілік сауда мен экономикалық ықпалдастықтағы маңызды рөлін көрсетеді. Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарастырады. Бұл ұстаным Қазақстанның ұсынысымен әзірленген Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасынан көрініс тауып отыр, - деді Бауыржан Әукен.
Сарапшы Әзербайжанның Консультативтік кездесулер форматына қосылуы Орталық Азияның Каспий аймағымен және Оңтүстік Кавказбен байланысын күшейтіп, ынтымақтастықтың геоэкономикалық ауқымын кеңейтетінін айтты.
Спикердің сөзінше, оның практикалық маңызы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға байланысты.
– Атап айтқанда, Қазақстан мен Әзербайжан осы бағыттың негізгі буындарының бірі. Қазақстан арқылы Орталық Азия мен Қытайдан келетін жүктер Ақтау және Құрық порттарына жеткізіліп, одан әрі Әзербайжан арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа нарықтарына шығады. Осылайша, Әзербайжанның форматқа қосылуы Транскаспий бағытын екіжақты жоба шеңберінен кең аймақтық көлік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналдырады. Бұл Орталық Азия мемлекеттеріне сыртқы нарықтарға шығу бағыттарын әртараптандыруға, ал Әзербайжанға аймақпен көліктік және сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Бауыржан Әукеннің айтуынша, осы тұрғыдан алғанда, Шолпан-Атадағы кездесу аймақтық диалогтың саяси консультациялардан нақты экономикалық және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталған жаңа кезеңге өтіп келе жатқанын көрсетеді.
Еске салайық, Әзербайжан Орталық Азия басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанған еді.